Ақсуда жазғы демалыспен 360 бала қамтылды

Ақсуда жазғы демалыспен 360 бала қамтылды
Фото: Павлодар облысының білім беру басқармасы

Аула клубтары мен бейінді лагерьде балаларға қауіпсіздік сабақтары ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, балалар қолдың ұсақ моторикасын дамыту, түзету-дамыту сабақтары, спорттық жаттығулар мен театрландырылған ойындарға қатысып, шығармашылық қабілеттерін шыңдап жүр. Сонымен қатар аула клубтары арасында түрлі жарыстар мен тәжірибе алмасу шаралары өткізіледі.

Ал «Эко-әлем» бейінді лагерінде төтенше жағдайлар қызметі, өрт сөндірушілер, Қызыл Жарты Ай қоғамы және полиция қызметкерлері балалармен қауіпсіздік тақырыбында кездесу өткізді.

Лагерь қатысушылары алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша шеберлік сабағына қатысып, оқу макетінде өрт сөндіріп көрді. Сондай-ақ олар өрт сөндіру техникасымен танысып, арнайы көлікке отырып, құтқарушылардың жұмысымен жақынырақ танысты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар балалардың жазғы демалысын мазмұнды өткізуге және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.