Павлодарлық астрономдар республикалық олимпиадада алтын алды
Ақтөбе қаласында оқушылардың «Әлем сенің қолыңда» атты ІІ республикалық астрономиялық олимпиада өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Олимпиаданың мақсаты – оқушылардың астрономия және ғарыштық зерттеулермен байланысты ғылым салаларына қызығушылығын арттыру, дарынды балаларды анықтау, астрономиялық үйірмелердің жұмысын жандандыру. Ұйымдастырушы – Ақтөбе облыстық планетарийі.
Павлодар облысынан командасына М.Катаев атындағы Оқушылар сарайының «Антарес» астроклубының тәрбиеленушілері кірді. Олар – № 39 ЖОМ-нің 9-сынып оқушысы Арина Мұратова, №3 гимназияның 9-сынып оқушысы Дмитрий Титков, № 8 лицейдің 7-сынып оқушысы Алияр Садуев, №39 ЖОМ-нің 7-сынып оқушысы Руслан Аканов.
«Антарес» астроклубының жетекшісі Гүлнар Баубекованың айтуынша, биыл олимпиада қазақтың тұңғыш профессоры тілтанушы, филолог, қоғам және мемлекет қайраткері Құдайберген Жұбановты еске алуға арналды.
– Ол – бірінші қазақ академиясының, КСРО Ғылым академиясы филиалы құрылтайшыларының бірі. Қазылар алқасының төрағасы Алматы қаласының Фесенков атындағы астрофизика институтының профессоры Любовь Шестакова болды. Олимпиадаға 30 білім беру мекемесінен 150-ден астам оқушы қатысты. Тапсырмалар күрделі болды. Физика мен математика пәндерінен басқа, астрофизика және аспан сферасында бағдарлау негіздерін білуді талап ететін бірқатар тапсырмалар берілді, – деді Гүлнар Баубекова.
«Антарес» астроклубының тәрбиеленушілері өздерінің жас санаттарында лайықты білімдерін көрсете білді. «Жеңіске жол» номинациясында Әлияр Сәдуев, Арина Мұратова және Руслан Ақанов дипломдармен марапатталды. Дмитрий Титков олимпиаданың үздік нәтижесін көрсетіп, республикалық олимпиаданың алтын медалін жеңіп алды.