«Ертіс» Бірінші лиганы ірі жеңіспен бастады

Павлодарлықтар футболдан Бірінші лигадағы жарысын бастады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертістің» құрамы Қазақстан кубогындағы матчтармен салыстырғанда көп өзгермеді. Тек Темірлан Ағыманов бастапқы құрамдағы орнын Максим Фединге берді. Кейінірек команданың бас бапкері Қайрат Нұрдәулетов мұны жас ойыншының жеңіл жарақатынан әлі айықпағанымен түсіндірді.
Матчқа алты жарым мың жанкүйер жиналды. Олардың арасында Розовка балалар ауылының тәрбиеленушілері Гриша, Богдан, Әмір, Дастан және олардың достары келді. Қыс айларында облыс әкімі Асайын Байханов Розовка ауылына жұмыс сапары кезінде футболға барғымыз келеді деген жас жеткіншектерге көмектесеміз деген уәдесін берген еді. Балалар сүйікті ойыншыларының өнеріне қанық болып, оларға «Ертістің» шарфтары сыйға берілді.
Алаң иелері гол мәселесін бірден шешуге тырысқанымен, екібастұздықтар оған көне қоймады. Күткендей, командалар өздеріне тән ойын мәнерін ұстанды: павлодарлықтар қарсыласының айып алаңы алдында допты ұзақ ұстап, комбинациялар ұйымдастыруға кіріссе, қонақтар екі-үш паспен «Ертіс» қорғанысын бұзып өтуге тырысты. Алайда бұл да көпке ұзай қоймады.
Кеншілер сапында қорғаушылар Аслан Сүлейменов пен Константин Горизанов павлодарлықтар шабуылдарына тойтарып беріп тұрды. Азамат Зинадин алаң ортасында техникасымен талайды тамсандырса, шапшаң Никита Стрижков дриблинг шебері екендігін байқатты. Тайм ортасына таман осы аталған жігіттер ойын тізгінін толық қолдарына алды: екібастұздықтар алаңның ортасын иемденіп, жанкүйерлер «Ертіс» үшін жағдайдың қиындағанын сезе бастады.
Дегенмен, Қайрат Нұрдәулетов атап өткендей, бұл тек уақытша үзіліс болған екен. Бұл шынымен де жоспарлы аритмия болды ма әлде кездейсоқтық па белгісіз. Алайда содан кейін таймның соңына қарай «Ертіс» қарқын қосты. Бірінші болып айып алаңының сыртынан Максим Ваганов доп жаудырды. Оның соққысына Илья Сотник тосқауыл қойды. «Ертіс» қысымды үдетті. Нәтижесінде бұрыштама добынан алып қорғаушы Нұрәлі Елемес баспен допты қонақтар қақпасына дәл тигізді.
Андрей Шумараның командасы бұл голдан басын көтере алмады. Екінші таймда «Ертіс» қанатын кеңге жайып, жерлестерін басып, жаншып тастады. Мирам Кикбаев, Максим Федин және Арман Смайылов бір-бір голдан соқты. Қорытынды есеп 4:0.
- Тамаша атмосфера үшін жанкүйерлерге рахмет, - деді Қайрат Нұрдәулетов павлодарлық командаға алғысын білдіріп. – Біз «Екібастұзды» Кубок ойындарынан зерттедік, мен Андрей Шумараны жақсы білемін, сондықтан қарсыласымыздың ойынынан хабардар болдық. Ойыншыларға тапсырманы 100, 200 пайыз орындағаны үшін рахмет. Біз жеңіске қуаныштымыз, бірақ бұл тарихқа айналды. Келесі ойынға дайындалу керек.
«Ертістің» бас бапкері командасының ойынына риза болды. Ол команда әрі қарай осылай ойнаса, «Ертістің» қарсыластарының жағдайы қиын болатынын айтты.
Команда келесі кездесуін сыртта өткізеді. 17 сәуірде павлодарлықтар Ақтөбеге аттас клубтың жастар құрамасына қарсы ойынға аттанады.