Павлодарлық маман QJ League қазан айының үздік жаттықтырушысы атанды

Павлодарлық маман QJ League қазан айының үздік жаттықтырушысы атанды
Фото: Автор

«Ертіс» U15 жасөспірімдер командасы Қазақстан чемпионатын үздік үштікте аяқтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарлық ұжымның бас бапкері Нұрлан Байжұманов Freedom QJ League спорттық-талдау бөлімінің таңдауы бойынша қазан айының үздік жаттықтырушысы деп танылды.

Айта кетейік, аталған лигада 66 команда өнер көрсетеді. Сол ұжымдардың бапкерлері арасынан Нұрлан Байжұмановтың үздік атануы — павлодарлық футбол мектебі үшін айтулы жетістік.

Оның жетекшілігімен «Ертіс» биылғы маусымды сәтті өткізіп, ел чемпионатының қола жүлдесін иеленді. Бірінші орынды «Қайрат-2012» жеңіп алса, екінші орын үшін «Тобыл» мен «Ертіс» таласты. Павлодарлықтар турнир кестесінде «Ақтөбе», «Ордабасы», «Шахтер», «Астана» секілді белгілі футбол мектептерінің өкілдерін артта қалдырды.

Чемпионаттың соңғы турында «Ертіс» өз алаңында ақтаулық «Каспийді» 4:0 есебімен ойсырата жеңді.

Команданың үздік сұрмергені Әлихан Айтмұхамбет болды. Ол маусым барысында 12 гол соғып, 12 нәтижелі пас берді. «Гол+пас» жүйесі бойынша 24 ұпай жинаған жас футболшы нәтижелі пастар саны жағынан бүкіл біріншіліктің үздік үш ассистентінің қатарына енді.

Сондай-ақ биыл «Ертіс» сапында болашағынан үміт күттіретін шабуылшы Жан Масалимов тәжірибе жинақтай бастады. Бұған дейін ол 2012–2013 жылы туған балалар арасындағы аула командалары турнирінде топ жарған «Афганка» құрамында өнер көрсетіп, жарыстың үздік сұрмергені атанған болатын.

«Біз өте қиын кездесулерден өттік, жеңістің де, жеңілістің де дәмін таттық. Соның нәтижесінде үшінші орынға қол жеткіздік. Қолдауы мен еңбегі үшін футбол орталығына және жаттықтырушылар штабына шын жүректен алғыс айтамын!» — деді Масалимов маусым қорытындысы туралы пікір білдіріп.

Айта кетейік, өткен жылы «Ертіс-2012» Қазақстанның 22 командасы қатысқан біріншілігінде төртінші орын алған еді. Ол кезде павлодарлықтарға жүлделі үштікке ену үшін небәрі бір ұпай жетпеген. Команда 86 гол соғып, «+65» доп айырмасымен осы екі көрсеткіш бойынша чемпионатта екінші нәтиже тіркеген болатын.

Биыл павлодарлық футбол орталығы өткен жылғы нәтижесін жақсартып, қола медальға қол жеткізді. Ал Нұрлан Байжұмановтың айдың үздік бапкері атануы жасөспірімдер футболын дамыту бағытындағы жұмыстың тағы бір маңызды жетістігі болды.