Павлодарда балалардың дұрыс тамақтанбауынан тіс аурулары көбейген

Павлодарда балалардың дұрыс тамақтанбауынан тіс аурулары көбейген
Фото pixabay.com\nmsmith

Бала тісінің ерте жастан бүлінуіне не түрткі болатыны туралы @Pavlodarnews.kz тілшісі шолып көреді.

Балалар арасындағы тіс ауруының көбейіп кетуі неліктен?

«DIDI-DENT» стоматологиялық клиникасының алты жылдық тәжірибесі бар тіс дәрігері Елена Залатаның айтуынша, бала тісінің негізі ана құрсағында жатқанда қалана бастайды. Бала құрсаққа бітіп, туылғанға дейін анасының жүктілік барысы ұрықтың дамуында эмаль мен тістердің құрылымына әсер етеді.

–    Балалардың дұрыс тамақтанбауынан тіс аурулары көбейіп барады. Ауыз қуысы гигиенасын дұрыс ұстамау, анасының жүктілік кезінде жақсы күтінбеуі баланың тісіне көп әсер етеді, – дейді дәрігер.

Жас аналар экология, қоршаған орта, азық-түлік, дәрі-дәрмектердің, әсіресе антибиотиктердің әсері жайлы білуі қажет.

Сонымен қатар, балалар пайдаланып жүрген түрлі кола, тәтті сусындар секілді құрамында тіске зиян тағамдарды қолданған кезде асқазан сөл бөледі. Сөлдің құрамында қышқылдық көбейіп, сол ауыз қуысының түрлі ауруларын қоздырады.

–   Негізі тіс – адамның тұла бойын қамтамасыз ететін негізгі сүйек. Ол – қоректі ұстап шайнайтын және дыбыстың анық шығуына әсер ететін мүше болып табылады, – дейді ол.

Тіпті тіс өз қызметін дұрыс атқара алмағанда мұның соңы қайғылы оқиғаға да әкеліп соғуы мүмкін.

Ата-ана бала тісінің ерте бүлінбеуі үшін не істеу керек?

Ең алдымен баланың гигиенасына назар аударып, оның дұрыс тамақтануына ықпал жасауы керек.

–  Бала ұйықтағанда, саусақ, тағы басқа заттарды ауыз қуысына салмауын қадағалау қажет. Сонымен қатар, жасы өскенде балаға қатты заттарды тістетіп үйрету керек. Қатты затты тістеу арқылы жақтың өсу зонасы қатаяды, – дейді дәрігер.

Балада алғашқы тіс пайда болған сәттен бастап күтім жасау керек. Тістер біркелкі, ақ, тегіс, дақсыз және ақаусыз шықпаса, тез арада тіс дәрігеріне хабарласқан дұрыс.

Бала тісін емдеуде неге назар аудару керек?

Дәрігер баланың жасына назар аударған жөн екенін айтады. Балада ауыспалы тістеу кезінде сүт тістер түсіп, астынан тұрақты тістер шығады. Сол себепті баланың тісін ерте жұлып тастамау керек.

Ерте жұлып тастаған жағдайда орнына қайта тіс шықпай қалуы мүмкін. Сонымен қатар сүт тістерді емдеу кезінде оның астындағы тұрақты тістің негізін, түбірін зақымдап алмау керек. Себебі, тұрақты тістің қайтып шығуы екіталай.

Баланың басы ауырып, тісі солқылдағанын күтпей, дәрігерге жүгіну керек. Сүт тістері түсіп, тұрақты тіс шыққанға дейін жылына екі мәрте дәрігерге қаралуды ескертті.