«Ертіс орманы» резерватында туристік бизнесті дамытуға 300 миллион теңге құйылмақ

«Ертіс орманы» резерватында туристік бизнесті дамытуға 300 миллион теңге құйылмақ
Фото: Константин Шелков

Қазіргі уақытта үш кәсіпкер қаржы жұмсауға ниетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалы баспасөз қызметінің хабарлауынша, инвесторлар Шалдай ауылынан екі шақырымдық жерде 27 гектарлық аумақта демалыс базасын ашуды жоспарлап отыр. Сол жерге электр желілері тартылып, ұңғыма қазылған.

Резерваттың экологиялық ағарту және туризм бөлімінің жетекшісі Гүлнар Нұрымованың айтуынша, бизнесті дөңгелетпес бұрын нысандар экологиялық және санитарлық нормаларға сай болуы керек.

- Құрылыс нысандарын алдын алу көргіміз келеді. Талаптарға сай болу тынығушылардың демалысын қауіпсіз және жайлы ету үшін қажет, - дейді Гүлнар Нұрымова.

Кәсіпкерлер туристік бизнеспен айналысу үшін конкурсқа қатысып, резеварттың дирекциясына бизнес-жоспар ұсыну керек.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аймақтық өкілдігінің директоры Ерқанат Әбенов бизнесті туристік бизнеске тарту үшін инфрақұрылымның болуы маңызды. 

- Инфрақұрылым болмаса, орман резерватында туристер ағыны да пайда болмайды. Оның үстіне, онда Баянауыл табиғи паркіндегідей үлкен су айдындары немесе олардың көп саны жоқ. «Ертіс орманы» аумағында  ауызсу мәселесі бар, - дейді Ерқанат Әбенов.

Кіреберіс жолдар салу мәселесі де шешімін табуы тиіс.

 Оның пікірінше, қазір алдымен өз жобаларымен кіруге шешім қабылдаған кәсіпкерлерге қолдау көрсеткен жөн: кіреберіс жолдар мәселесін тезірек шешу қажет.

Ерқанат Әбенов палата өкілдері облыстың туристік саласын дамыту мастер-жоспарын әзірлеуге қатысқанын да еске салды.  Қарағайлы орманда экотуризмді дамыту үшін инвесторлар тарту мәселесін осы мастер-жоспарға енгізу керек.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы туризм бөлімінің басшысы Руслан Нұрбеков резерватта жыл бойғы туризмді дамыту үшін жылыту мәселесін де шешу, нақтырақ айтқанда, ғимараттарды газбен жылытуға рұқсат беру керектігін айтты.

Айта кетейік, резерваттағы экологиялық туризм – резерват жанындағы қосымша әрі қатаң реттелетін қызмет. Шалдай ауылынан он екі шақырым жерде қонақ үй бар. Демалушыларға қажетті игіліктер ұсынылады. Нысан туристер арасында сұранысқа ие.

Орман аумағында 12 туристік маршрут пен соқпақ әзірленіп, бекітілген, оның ішінде төртеуі зиярат ету бағыттары болса,  сегізі спорттық-сауықтыру бағытында жұмыс істейді.