Қысқы демалыс: Баянауылда курорттық маусым ашылды
Маусымның ашылуына жүз елуден астам адам қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жаңа жыл қарсаңында Баянауылда қысқы демалыс маусымы басталды. Іс-шараны кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы Баянауыл ауданының әкімдігімен және ұлттық парк басшылығымен бірлесіп ұйымдастырды. Мерекеге Баянауылдың жастары мен павлодарлық студенттер жиналды. Барлығы 150-ден астам адам болды.
Салтанатты іс-шара Жасыбай көлінде «Березовая роща» демалыс аймағының аумағында өтті.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Руслан Тілеулесовтің айтуынша, олардың басты мақсаты – Баянауылды туристерді тартатын жерге айналдыру.
– Жыл сайын ауданның өзінде осындай шаралар өткізіліп тұрады. Енді біз де бұл дәстүрді қабылдадық. Қыста Баянауылда да демалуға болатынын көрсету үшін кешті қарапайым жастар форматында өткіздік, – деп атап өтті Руслан Тілеулесов. – Қаламен салыстырғанда мұнда ауа әлдеқайда таза, әбігерлік жоқ, тыныштық. Мұнда отбасымен тыныш әрі жайла ортада уақыт өткізудің өзі керемет.
Келген жастарға арнайы шоу-бағдарлама ұсынылды. Жергілікті әншілер Мади Есмахаев пен Жандос Адамов жаңа жылдық ән орындайтын болса, Ауғанстаннан келген студенттері өздерінің ұлттық билерімен және музыкасымен көпшілікті таң қалдырды. Аяз ата мен Ақшақар би және спорттық сайыстардың жеңімпаздарына сыйлықтар табыстады.
Қазақ мәдениетінде киелі саналатын бүркіт пен тазы көрмесі өтті. Сондай-ақ іс-шараның тақырыбы бойынша сурет байқауы да өтті. Жеңімпазға микротолқынды пеш сыйға тарттылды. Ал екінші және үшінші орын иегерлері сыйлыққа смарт-сағат пен музыкалық бағанды алды.
Тұрғындар мен келушілерді Баянауыл ауданы әкімінің орынбасары Еркін Арыстанбек құттықтады.
– Бүгін біздің сүйікті Жасыбайымызда қысқы туристік маусым ашылды! Студенттерге осы қыс мезгілін көңілді өткізуге, барлық емтиханды жақсы тапсырып, шәкіртақыларын сақтап қалуларына тілектеспін! – деді әкімнің орынбасары.
Баянауыл ауданы төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері қысқы демалыста қауіпсіздік ережелері туралы еске салды.
– Мұзға жалғыз және арнайы құралсыз шығуға болмайды. Соңғы күндері ауа райының жылы болуына байланысты көптеген жерлерде мұз толық қатпауы мүмкін. Тауға жалғыз шығуға да тыйым салынады. Өйткені қазір көктайғақ, құлау қаупі бар. Үсіп қалмас үшін ашық ауада жылы киініңіз. Балаларды қадағалап отыру керек, – дейді бөлім қызметкерлері.
«Березовая роща» демалыс орны 2016 жылдан бері жұмыс істейді.
Демалыс орнының директоры Риза Бейсембаеваның айтуынша, алдағы уақытта демалыс орнын кеңейту жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде жұмыс қыру жүріп жатыр.
– Қарқынды құрылыс биыл басталды. Ашық бассейні бар қонақүй кешенін салып жатырмыз. Жыл бойы жұмыс істейтін ғимарат жүз адамға есептелген. Сондай-ақ онда сауна, спа және мейрамхана болады. Алаңға ағаштар отырғызамыз. Жұмыстар 2024 жылдың 1 қыркүйегінде аяқталады. Осының бәріне бір миллиард теңгеге жуық қаражат қажет болды, – деді ол.
Қыста база отыз, ал жазда екі жүз адамды қабылдауға дайын. Қыс мезгілінде бір адамнан он мың теңге алса, Жаңа жылда баға он екі мыңға дейін көтеріледі. Жеті жасқа дейінгі балалар тегін демалады. Қонақтарға жалға алатын коньки, шаңғы ұсынылады. Көлде мұз сырғанағы орнатылуда.
Баянауыл ауданы әкімдігінің мәліметінше, қыста екі қонақүй мен жүз орыннан астам үш демалыс үйі жұмыс істейді. Бұл – «Ақниет» және «Жан» қонақ үйлері, сондай-ақ «Золотые пески», «Jasybai Resort» және «Березовая роща» қонақ үйлері.
Баянауыл өңіріндегі қысқы туризмнің негізгі көзі – «Мырзашоқы». Онда сноубордтар мен шаңғыларды жалға алуға болады. Мырзашоқы тауының етегінде елу орындық тағы бір демалыс үйін ашу жоспарланып отыр.
Фото: Әсия Серікова
Әсия Серікова