Алтынбек Құрманов: Баянауылдағы Қоңыр әулие жаман энергияны сорып алады
Жартас адамның қан айналым жүйесін ретке келтіреді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz. тілшісі.
Аталмыш аймақтың тарихы мен қалыптасуы жайлы Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің экскурсия жөніндегі нұсқаушысы, өлкетанушы Алтынбек Құрманов айтып берді.
– Қоңыр әулие өте көне дәуірден адамзат баласының жаратқаннан тілейтін орны болып табылады. Онда адам мүрдесі жерленбеген. Киелі Баянауыл жеріндегі Қоңыр әулие үш бөліктен тұрады. Біріншісі – мешіт және босаға. Екіншісі – қараңғы, қонатын бөлігі. Үшіншісі – қазандық бөлігі. Академик Әлкей Марғұлан 124 мың пайғамбардың ішінде «Қоңыр» есімді бір пайғамбар түркі нәсілінен болғанын айтқан. Оны орыстар «пророк Илья» десе, қазақтар «Қызыр Ілияс, Қыдыр ата» деген, – деді Алтынбек Құрманов.
Оның айтуынша, Қоңыр әулие кім көрінгеннің үйіне түнемеген, түнде үңгірлерді мекен еткен. Көріпкел, бақсы, шырақшы, жылқышылар, ғұлама ғалымдар ұзын бойлы қоңыр адам кешке іңірде үңгірге күн батқанда кіріп, таңертең күнмен таласып шығатынын жайы айтқан.
– Жүргенде аяғы жерге тимеген. Қыдырдың түнеген үңгірі үй іспетті болады. Ол жартасқа бір ауыздан кіріп, шығады. Ішінде ауа өзгермейді. Тізеден төмен, не жоғары жап-жасыл болып тұрады. Сосын онда дұға, ем қабыл болады екен. Елес болып кіріп-шығып жүрген Қоңыр адамды Қоңыр әулие деп атаған, – дейді Алтынбек Құрманов.
Өлкетанушы Қоңыр әулиеге қатысты тағы бір аңыз жайлы баяндап берді.
– Әлкей Марғұлан айтып кеткен тағы бір нұсқасында сонау Нұх пайғамбар заманында үш әулие болған: Құлан, Қыран, Қоңыр. Ғылымда Нұх пайғамбар заманынан кітап қалған жоқ. Сол заманда үңгірдің болғаны шындық. Ғалымдар өздерінің топшылауында 100 миллиондай жыл бұрын бұл жерлерде су (теңіз) болған деседі. Теңіз астында жаңартау жарылып, от, ауа, газдың қысымымен су астындағы балдыр балқып пісіп қалған. Осылайша Баянауыл, Көкшетау, Қарқаралының таулары пайда болған. Ғылымда бұны «табиғат чипі» деп атайды, – дейді ол.
Алтынбек Құрмановтың сөзінше, жабық үңгірде ұзақ уақыт отырғанда жартас адамның бойындағы жаман энергияны сорып алады, ұсақ тромбтарды ерітіп жібереді.
– Арқамызды тигізетін болсақ, алмасу болады. Қан айналым жүйесін ретке келтіреді. Мәселен, 10-15 жыл бала сүйе алмай жүрген адамдар Қоңыр әулиенің басына келіп түнеп, құрбан шалады. Жаратқаннан дұға тілейді. Кішкентайлы болғандарды, одан қала берді, психологиялық дерттен айығып, есін жиғандарды көрдік. Адам қонатын бөлігінен өткеннен кейін жарты сағаттай дірілдеп отырады. Содан соң ұзақ уақыт ұйықтайды. Киімдерін екі сағат сайын ауыстырады. Есін жыйып, оянғанда туыстарын тани бастайды. Міне, тастың құдіреті осында, – деді өлкетанушы.
Ғалымдардың айтуынша, мұнда орналасқан қазандағы суда 9 пайыздан жоғары күміс бар.
– Медицинада күміс денсаулыққа пайдалы екеніне қаншама дәлел бар. Келген адам сол суға оған қолын, бетін жуады. Адамның қолының кірі тамады. Шамамыз жеткенше келген кісілерге қолын жуғызбаймыз. Ыдыс алып, суын ішуге рұқсат береміз. Ал терең күзде адам болмайды. Күн суытқан кезде демалушылар келмейді. 10-15 күн адам аяқ баспаса, қазандағы су көтеріліп, баспалдақтың астынан сырылдап ағып тұрады. 6-7 күнде тоқтайды. Бұл жердің құдіреті бар, – деді Алтынбек Құрманов.
Өлкетанушы Қоңыр әулиеден бөлек, еліміздің өзге де аймақтарындағы Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов сияқты тарихи тұлғалар дүниеге келген Семей жерінде үңгірге келушілер суға түсіп емделетінін атап өтті. Сондай-ақ әлемдік емдік шипасы бар үңгірлер жайлы қызықты деректермен бөлісті.
– Олардың үшеуі Еуропадағы Венгрияда Батыс Карпатта орналасқан. Ол жерде көне дәуірден бергі мажорлар, мадиярлар, қыпшақтар тұрады. Одан кейін Иордания мен Израиль шекарасындағы үңгірді жергілікті халық Ескендір Зұлқарнайдың тәу ететін орны дейді. Олардың аңыздарына сенсек, Македонский үлкен жорыққа аттанарда сол үңгірге кіріп, екі-үш күнге жоғалады екен.Егер үңгір иесі рұқсат берсе, жеңіспен оралады. Бірде ол үлкен әскермен кішкентай мемлекетті жаулап кетуге бармақ болған, бірақ рұқсат болмаған соң ондай әрекетке бармаған, – деді Алтынбек Құрманов.
Айта кетейік, Қоңыр әулие Қазақстан Республикасының қасиетті нысандары қатары кіреді. Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында өсімдіктің 552 түрі өседі. Оның 240-тан астамы фармацевтика саласы үшін маңызы зор.
Фото:Константин Шелков