Байлардың үтіктері мен қазандары: Павлодар облысында ауыл ұстазы жеке музей ашпақ
Ол Turizm.Pvl көрмесіне өзінің жиған-терген жәдігерлерін ала келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Saida Plaza» бизнес-орталығында өткен дәстүрлі «Turizm.Pvl» туристік көрмесіне Май ауданының Ақшиман ауылының тұрғыны Нұрбек Жұмәділов қатысты. Еңбек пәнінің мұғалімі ауылда балаларды оқытумен қатар, қазба жұмыстарымен айналысады.
– Жәдігер жинаумен 20 жылдай айналысып жүрмін. Көрмеге тек өзім тауып алған заттардың бір бөлігін алып келдім. Оның ішінде бұрынғы байлардың үтіктері мен қазандары сынды жәдігерлер бар. Бірақ бұл көрмеге алып келуге мүмкіншілік болған жоқ, – дейді Нұрбек Жұмәділов.
Бүгінде оның көне жәдігерлерді жинайтынын жерлестері де жақсы білетін көрінеді. Көне ғасырдан қалған заттарды тауып алса, бірден коллекционерге алып келеді екен.
– Көбі – аудан ауылымыздың маңынан табылған жәдігерлер. Жиі болмаса да арасында оқушыларыммен де шығып, қазба жұмыстарын жүргіземіз. Бір нәрсе тауып алса, маған алып келді. Солардың барлығын жинақтап, мектепте шағын музей аштық, – дейді Нұрбек Жұмәділов.
Ол өз коллекциясының ішіндегі ең бағалы және көне Сақтардан қалған жәдігерді көрсетті.
– Жәдігерлердің ішіндегі ең көнесі – Сақ дәуіріндегі жебенің ұшы. Бұл жәдігер сегізінші ғасырға тиесілі. Жебенің басын ауыл тұрғыны тауып алып, маған әкеліп берді. Бұдан бөлек, ауыл маңынан бірнеше ғасыр бұрынғы әтір құтыларын, патша дәуірі кезіндегі көне тыйындар, кілттер сынды жәдігерлер табылды, – дейді Нұрбек Жұмәділов.
Ауыл тұрғыны бұл жәдігерлерді облыстық мұражай сұрағанын, дегенмен бас тартқанын айтажы.
– Бұл жәдігерлерді музей қызметкерлері келіп сұраған, бірақ берген жоқпын. Біздің жерде табылған бұйымдар өзімізде қалуы керек. Өзім жеке музей ашып, 20 жыл бойы жинаған заттарды сонда салып қоймақпын, – дейді Нұрбек Жұмәділов.
Айта кету керек, Нұрбек Жұмәділовтың жинағында 200-ге жуық жәдігер сақталған. Бұл жинақта көне ғасырлық қасық, құмыра бөлшектері, ілмек, балтаның басы, сақиналар бар.
Фото: Константин Шелков