Павлодарлық блогерлер өңірдің көрікті жерлерін желіде танытады

Павлодарлық блогерлер өңірдің көрікті жерлерін желіде танытады
Фото: Валерий Бугаев

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы арнайы блог-тур ұйымдастырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аймақта жаз мезгілінде дәстүрлі блог-тур ұйымдастыру жоспарланып отыр. Іс-шара өңірдің туристік әлеуетін таныстырып, ішкі және шетелдік туристер ағынын арттыруға бағытталған.

Бастама аясында қатысушылар Баянауыл, Шарбақты және Аққулы аудандары мен аймақтың сакралды, көрікті жерлерді аралайды. Шараға туроператорлар, блогерлер, гидтер мен журналистер қатыса алады. Ұйымдастырушылардың пайымдауынша, қатысушылар үшін трансфер, жол шығындары мен тамақтану толық қамтамасыз етіледі.

– Блогерлер мен БАҚ қызметкерлерін тарту арқылы өңірдің туристік әлеуетін кеңінен таныстырып келеміз. Соның нәтижесінде туристер саны жыл сайын өсіп келеді. Қазір біздің өңірге еліміздің батыс, оңтүстік аймақтарынан да қызығушылық артып отыр, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы туризм бөлімінің басшысы Руслан Нұрбеков. 

Блог-тур маусым-шілде айларына жоспарланған. Қатысуға ниетті блогерлер мен БАҚ өкілдері облыстық туризм басқармасының ресми парақшаларындағы хабарландыру арқылы тіркеле алады.

Ресми мәліметтерге сүйенетін болсақ, 2023 жылы өңірге 213 мың турист келсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 241 мыңға жеткен. Ал өткен жылы аталмыш көрсеткіш 243 мың адамды құраған.

Аймаққа келетін туристердің негізгі ағыны Ресей Федерациясының шекаралас аймақтарынан, сондай-ақ Қарағанды және Абай облыстарынан, Шығыс Қазақстан облысынан және Астана қаласынан көлік және теміржол маршруттары арқылы келеді. Сирек жағдайда Өзбекстан мен Қырғызстаннан да қонақтардың келу жайттары тіркелді.

Блог-турлардан бөлек, өңірде өзге де форматтағы іс-шаралар жоспарланып отыр. Баянауыл ауданында туристік маусымның ашылуы қарсаңында «Таза Қазақстан» акциясы аясында экологиялық сенбілік, қонақ үй бизнесі бойынша семинар, экскурсоводтар, гидтер және лицензияланған туроператорларға арналған оқыту жобалары, сондай-ақ өңірдің көрікті жерлері туралы үздік бейнероликке мобилографтар арасында конкурс және колледждер мен жоғары оқу орындары студенттері арасында байқау өткізу жоспарланған.

– Мұндай кешенді тәсіл әлеуметтік желілерде ілгерілетуден бастап, мамандарды оқытуға дейінгі бағыттарды қамтып, өңірге жаңа туристерді тартуға және сапалы демалыс инфрақұрылымын қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деді Руслан Нұрбеков.

Сала өкілдерінің айтуынша, биыл қысқы туристік маусымның танымал бағыттарының бірі Торайғыр көлі болды. Блогерлер мен туристер оның мөлдір мұзын Байкал көлімен салыстырып, коньки теуіп, көрікті табиғат аясында демалуды таңдаған.

Қазіргі таңда бұл бағытқа инвесторлар да қызығушылық танытып отыр. Олар қысқы маусымда коньки прокатын кеңейтіп, демалушылар үшін қолайлы жағдай жасауды көздеп отыр.