Маралды орманшылығында сирек кездесетін бұталы қырқылшақ табылды

Маралды орманшылығында сирек кездесетін бұталы қырқылшақ табылды
Фото: Ертіс орманы резерватынан

Өсімдік ғылыми тұрғыдан мамандардың қызығушылығын тудырып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының баспасөз қызметі мәлімдеді.

— Маралды орманшылығы аумағында алғаш рет көзге түскен бұталы қырқылшақ - (Atraphaxis frutescens (L.) Evers) тарандар тұқымдасына (Polygonaceae) жататын көпжылдық бұта. Табылған өсімдік ғылыми тұрғыдан қызығушылық тудырып, резерват флорасының түрлік құрамына қатысты мәліметтерді толықтырады, - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта ботаникалық зерттеулер мен өсімдік жамылғысына мониторинг жүргізу жұмыстары жалғасып жатыр.

Айта кетелік, бұталы қырқылшақ елімізде көбіне қуаң және шөлейтті, тасты-тақырлау жерлерде, тау бөктерлері мен құрғақ далалық аймақтарда кездеседі. Әсіресе, Қазақстанның шығыс, оңтүстік-шығыс және орталық-солтүстік бөліктеріндегі қуаң экожүйелерде өседі.

Мамандардың айтуынша,  аталмыш өсімдіктің ең маңызды ерекшелігі — оның құрамында флавоноидтар мен басқа да биологиялық белсенді қосылыстардың болуында.