Ақсуда ластаушы заттардың шығарындылары анықталды

Ақсуда ластаушы заттардың шығарындылары анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Бұл туралы Павлодар облысы бойынша экология департаментінің басшысы Қанат Мұсапарбеков мәлім етті. 

– Ағымдағы жылы экологиялық бастамалар бюросынан экология департаментінің атына Ақсу ферроқорытпа зауытының ластаушы заттардың шығарындыларына қатысты өтініш келіп түсті. Кәсіпорынды тексеру нәтижелері бойынша экологиялық рұқсатсыз ластаушы заттардың шығарындылары анықталды. Осы факті бойынша кәсіпорын сегіз миллион 264 мың теңге сомасына әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді басқарма басшысы. 

Кәсіпорынға бұзушылықты жою туралы ұйғарым берілген. Ұйғарымды орындау шеңберінде кәсіпорын бұзушылықты жою жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеген.

Қанат Мұсапарбеков ағымдағы жылы департаментпен жалпы саны 35 тексеру жүргізілгенін атап өтті. Бұл ретте, 17 субъектіге қатысты талаптарға сәйкестігіне қатысты тексерулер жоспарланып, оның ішінде бүгінгі күні алты тексеру жүргізілген.

– Павлодар қаласының тұрғынынан «Гидротранссервис» филиалы құрылыс құмын орналастыру кезінде ластаушы заттардың шығарындыларын тастауына байналысты өтініш түскен. Осыған байланысты кәсіпорынға тексеру жүргіздік. Экологиялық рұқсаттың болмауы фактісі бойынша кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, экология департаменті сотқа кәсіпорынның қызметін тоқтата тұру туралы талап арыз берді, сот шешімімен кәсіпорынның қызметі тоқтатылды, – деді басқарма басшысы.

2024 жылдың алты айындағы жағдай бойынша жүргізілген тексерулер нәтижесінде экологиялық заңнаманы бұзған 69 факті анықталды. Бұзушылықтарды жою туралы 30 ұйғарым беріліп, 20 580 мың теңге сомасына 37 әкімшілік айыппұл салынған. Бүгінгі таңда барлық айыппұлдар өндірілген.