Павлодар облысында экологиялық мониторингтің өзекті мәселелері талқыланды

Павлодар облысында экологиялық мониторингтің өзекті мәселелері талқыланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде ауа сапасы негізгі мәселе болып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бүгін «AMANAT» партиясы жанындағы Республикалық экологиялық кеңестің отырысы өтіп, онда қоршаған ортаның жай-күйін экологиялық мониторингтеу мәселелері қаралды.

Павлодар облысы бойынша жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы басшысының орынбасары Дияр Қайыркенов баяндама жасады. 

Оның айтуынша, өнеркәсібі дамыған өңір үшін ауа сапасы ең өзекті мәселелердің бірі болып қала береді. Жыл сайын облыс кәсіпорындары шамамен 700 мың тонна ластаушы зат шығарады. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш 30 мың тоннаға немесе 4,5 пайызға төмендеген. Ауаның жай-күйін бақылау күн сайын «Қазгидромет» РМК-ның 10 бақылау бекетінде жүргізіледі, – деді «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, баяндамашы Солтүстік өнеркәсіп аймағындағы сынаппен ластану проблемасына тоқталды. Оның айтуынша, жағдайды қадағалау үшін арнайы бақылау ұңғымалары мен нүктелерінің желісі құрылған. Көпжылдық зерттеулер нәтижесінде алты ластану ошағында жағдай тұрақты күйде екені анықталды.