Кеңес ғарышкерлерінің қолтаңбасы қалған павлодарлық газет музейде сақтаулы

Кеңес ғарышкерлерінің қолтаңбасы қалған павлодарлық газет музейде сақтаулы
Фото: Әлия Жомартова

Баспа данасы құнды жәдігерлер қатарына енеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

1970 жылы Звезда Прииртышья газетінде ерекше материал жарық көрді – ғарыш тақырыбындағы викторина. Оны облыстық өлкетану мұражайының басшысы Михаил Гапон дайындаған. Газет оқырмандарына кеңестік ғарышкерлердің есімдерін табу ұсынылды.

Викторинадағы сұрақтардың ішінде: «Восток-6» кемесін басқарған тұңғыш әйел-ғарышкер кім?» немесе «Алғаш рет ашық ғарыш кеңістігіне шыққан кеңестік ғарышкер кім?» сыңды сауалдар болған.

Сұрақтарға жауап беру үшін оқырмандар газетке хат жіберген. Нәтижесінде редакцияға бір жарым мыңнан астам павлодарлықтың жауаптары келіп түскен. Алайда ең қызығы кейін болды. Газеттің осы нөмірі жұлдызды қалашыққа жіберіліп, қалаға қайта оралғанда оның бетінде бірнеше әйгілі ғарышкердің қолтаңбасы пайда болған.

Газетке қол қойғандардың арасында белгілі ғарышкерлер: Герман Титов, Владимир Кубасов, Виталий Севастьянов, Андриян Николаев, Владимир Шаталов, Алексей Елисеев және Анатолий Филипченко. Бүгінде бұл газет нөмірі музей қорында сақталып, сирек кездесетін жәдігерлердің біріне айналған.

– Ғарыш тақырыбы павлодарлықтарға бұрыннан жақын. Мысалы, 1963 жылы Павлодар әуежайына әлемдегі тұңғыш әйел-ғарышкер Валентина Терешкова мінген ұшақ қонған. Бұл жаңалық қала тұрғындарына тез тарап, көптеген адамдар әуежайға жиналып, аңызға айналған «Чайканы» өз көздерімен көруге келген, – деді Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қорларының бас сақтаушысы Әлия Жомартова.

Шаһарға басқа да белгілі ғарышкерлер келген. Олардың қатарында Алексей Губарев пен Владимир Аксёнов бар. Алексей Губарев жергілікті тұрғындардың ерекше құрметіне ие болып, Павлодар мен Екібастұздың құрметті азаматы атанған.

Осылайша Ертісм-Баян өңірінің тарихында ғарыш тақырыбы ерекше орын алады. Мұнда өткен кездесулер, қолтаңбалар мен естеліктер бүгінде музей қорында сақталып, сол кезеңнің куәсі болып отыр.