Павлодар облысында қуғын-сүргін құрбандары туралы естеліктер айтылды
«Халық жауы» атанғандардың ақиқаты әлі толық ашылмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай облыста өткен «Тарихтың шерлі шежіресі: Әлихан тағлымы және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» атты іс-шарада қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың тағдыры сөз болды. Жиында қатысушылар Алаш қайраткерлерінің ел тәуелсіздігі жолындағы күресін еске алып, тарихи шындықты жас ұрпаққа жеткізудің маңызын айтты.
Баянауыл ауданы Майқайың кентінің тумасы Тұрсын Қомшабайқызы қуғын-сүргін құрбандарының қасіреті өз әулетіне де тікелей әсер еткенін жеткізді.
– Менің нағашы атам Мұхамеджан Ахметов Қызылтауда туып-өскен, молда болып, шәкірт тәрбиелеген. Бірақ, сол кезде ол кісіні он жылға айдап әкеткен. Анам марқұм «әкемді алып кетті, хабарсыз кетті» деп жылап отыратын, – деді ол.
Зейнеткердің сөзінше, отбасы әлі күнге дейін архивтерден нақты мәлімет іздеп келеді. Тек атасының Шығыс Қазақстан мен қазіргі Қарағанды облысы аумағына айдалғаны белгілі.
– Тарихтың өзі әлі толық ашылып болған жоқ. Сондықтан саяси қуғын-сүргінге ұшыраған, «халық жауы» аталған ата-бабаларымызды білуге тиіспіз, – деді Тұрсын Қомшабайқызы.
Ол Алаш арыстарының ел болашағы үшін жанын қиғанын айтып, олардың ерлігі бүгінгі бейбіт өмірдің негізі екенін атап өтті.
– Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов – барлығы бүгінгі тәуелсіздігіміз үшін бастарын бәйгеге тікті. Нағыз отаншылдық – сол, – деді тұрғын.
Тұрсын Қомшабайқызы бүгінде «Қазақ аналары – дәстүрге жол» және қажылар қауымдастығының мүшесі ретінде жастармен кездесулер өткізіп, тарихи сананы қалыптастыруға үлес қосып жүргенін айтты. Оның пікірінше, мұндай іс-шаралар өткеннің қасіретін ұмыттырмай, ұрпаққа ел тарихын тереңірек түсіндіруге мүмкіндік береді.