Железиндік ақсақалдарға мемлекеттік тілде оқытуды насихаттауды жүргізу ұсынылды
Павлодар облысының әкімі мұндай ұсынысты Железин ауданы тұрғындарымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Кездесуде өлкетанушы, Железин ауданының тұрғыны Мұрат Хасанұлы аудандағы тұңғыш қазақ мектебіне биыл 20 толатынын айтып, өткен жылы сол мектепке Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлының есімі берілгенін атап өтті. Осыған орай аймақ басшысына өтініш білдірді.
– Железин тарихы 300 жылдан асып кетті. Сол үш ғасырда тұңғыш ұлттық меткеп көтерілгеніне биыл 20 жыл толады. Осыған байланысты күзде мектептің 20 жылдық мерейтойы болғанда сізден мектептің алдында Міржақыптың ескерткіш бюстін орнатуға көмектесуіңізді сұраймыз. Бүлдіршіндер мектепке келгенде алдынан Жақаңнын өзі тосып тұрғандай болар еді. Түрлі шараларды, соңғы қоңырауды болсын соның алдында өткізсе ұлттық патриоттық іске қосар үлес болар еді, – деді Мұрат Хасанұлы.
Асайын Байханов әдетте бюст орнату сияқты істер демеушілер арқылы жүзеге асырылатынын айтты. Дегенмен, осындай айтулы күнде мұндай іске көмек көрсетуге уәде берді.
Сонымен қатар, облыс әкімі жергілікті ақсақалдарға өз тарапынан ұсыныс білдірді. Аймақ басшысының айтуынша, аудандағы мектептерде мемлекеттік тілде білім алатын оқушылар саны 15 пайызға да жетпейді.
– Бізге рухани азық қашан да керек. Біз ауылдарды аралап жүргенде мектептерге, шағын орталықтарға барамыз. Кеше Веселая роща ауылына барғанда 157 оқушыдан 20 оқушы ғана мемлекеттік тілде оқиды екен. Ал, ауданның халық санын қарап едім, толықтай басқа ұлттар тұрады деп айта алмаймын. Көбіне өзіміздің қарагөздер тұрады, – деді Асайын Байханов.
Облыс әкімі бұл жағынан ақсап қалуымыздың себебі, насихаттау жұмысының жоқтығы екенін айтты. Сондай-ақ Асайын Байханов көп жағдай ата-аналарға байланысты екенін атап өтті.
– Сондықтан ақсақалдардан мемлекеттік тілді насихаттауды сұраймыз. Бұл жерде мемлекет тарапынан мәжбүрлеуге ешқандай жол берілмеуі керек. Тек әдептілікпен, әдемілікпен насихатталуы тиіс. Сондықтан бірге жұмыла жұмыс жасайық. Сіздер де көмектесіңіздер, – деді Асайын Байханов.
Еске салайық, аталған кездесуде аудандағы Моисеевка мектебі бірнеше жылдан бері апаттық жағдайда тұрғандықтан бұнда 100 орындық мектеп салынатыны айтылды. Оған қоса, Мыңкөл ауылында медициналық пункт бой көтереді.
Фото: ашық дереккөздерден