Келесі жылы Павлодарда балаларға арналған тіс емханасы ашылады
Жаңа ғимаратта ерекше балаларды емдеу мүмкіндігі болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазинов Павлодарда салынып жатқан екі нысанды аралап, жөндеу жұмыстарының сапасын бақылады. Балалар тіс емханасы Назарбаев даңғылы, 200 мекенжайындағы үш қабатты ғимаратта ашылады. Ол жердегі қайта жаңғырту жұмыстары маусым айында басталған болатын.
– 2024 жылдың басынан бастап облыстық аурухананың базасында бүлдіршіндер білікті стоматологиялық көмек алатын болады. Сондай-ақ, ерекше балалар анестезиямен емделу үшін жағдай жасалады, – деп жазды басқарма басшысы өзінің жеке парақшасында.
Бүгінгі таңда 200 миллион теңгеден астам сомаға жиһаз, медициналық техника мен жабдықтар сатып алынды. Медициналық штат құрылды. Оған алты тіс дәрігері мен төрт медбике кіреді.
– Келесі жылдың бірінші тоқсанында медициналық колледж жатақханасын пайдалануға беру жоспарлануда. Ғимаратты қайта жаңғыртып, қайта жабдықтағаннан кейін нысанды тапсырамыз. Сыйымдылығы 189 адамға шақталған жатақханаға студенттер мен дәрігерлерді орналастырамыз, – деді Айдар Сейітқазинов.
Жалпы жатақханада 65 бөлме болады. Құрылыс-монтаждау жұмыстарына, сондай-ақ жабдықтарға шамамен 1 миллиард теңге жұмсалды.