Павлодарда екі мыңнан астам науқас сәулелік терапия алды

Соңғы жылдары сәулелік терапияға арналған жабдықтардың 70 пайыздан астамы жаңартылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Радиологиялық бөлімше меңгерушісі Виктория Сиченконың айтуынша, сәулелік терапия – хирургия және химиотерапиямен қатар қатерлі ісікті емдеудің негізгі әдістерінің бірі. Бұл емді онкологиялық науқастардың жартысынан көбі алады.
– Оның принципі иондаушы сәулеленудің ісік жасушаларына әсер етуіне негізделген. Бұл олардың құрылымын бұзуға немесе бөлінуін тоқтатуға мүмкіндік береді. Жоғары дәлдіктегі жабдықтар мен цифрлық технологиялардың арқасында сәулені дәл қажетті жерге бағыттауға болады,– дейді дәрігер.
Виктория Сиченконың айтуынша, сәулелік терапияны заманауи хаттамаларға сай және көрсетілім бойынша жүргізсе, ол толық қауіпсіз. Әр науқас үшін жеке ем жоспары жасалады, оған радиотерапевт, медициналық физик және инженер-радиолог қатысады. Осындай емге дейін мамандар мұқият дайындық жүргізеді. Басты мақсат – жанама әсерлерді азайтып, емнің тиімділігін жоғалтпау.
Мысалы, сүт безі қатерлі ісігіне шалдыққан әйелдер үшін адъюванттық сәулелік терапия орган сақтаушы әдіс болып саналады.
– Дегенмен, сәулелік терапиядан кейін 10 жылдан астам уақыт өткен соң кей науқастарда жүрек ауруларының қаупі артады. Сондықтан жүрекке түсетін сәуле мөлшерін азайту өте маңызды,– дейді ол.
Павлодарлық дәрігерлер сәулелендіруді терең тыныс алу және тынысты кідірту әдісімен жүргізеді. Респираторлық гейтинг тәсілі арқылы сол жақ сүт безі қатерлі ісігі бар 128 пациент, ал 4D-режимінде өкпе обырымен ауыратын үш науқас ем қабылдады.
– Қазір онкодиспансерге Varian компаниясының TrueBeam сызықтық үдеткішін алу қажеттілігі туындап отыр. Оны қолдануға бізде толық жағдай жасалған: техникалық база, дайын мамандар және арнайы ғимарат бар. Бір өндірушінің екі аппараты қатар жұмыс істесе, науқастарды емдеу үзіліссіз жалғасады,– дейді Виктория Сиченко
Сәулелік терапия бөлімшесінде сегіз дәрігер, төрт медициналық физик және екі инженер-радиолог еңбек етеді. Соңғы төрт жылда 2511 науқас сызықтық үдеткіш арқылы ем алған.