Теміржол үстіндегі емхана Павлодарға келеді

Теміржол үстіндегі емхана Павлодарға келеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Пойыз облыстағы жеті ауылдың тұрғындарына медициналық көмек көрсетеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Теміржол үстіндегі емхана Павлодар облысында 27 тамыз бен 4 қыркүйек аралығында болады. Қабылдауды түрлі саладағы 30 медициналық маман жүргізеді. Атап айтқанда: терапевт, хирург, педиатр, кардиолог, невропатолог, ЛОР дәрігерлері, офтальмолог, стоматолог, гинеколог, уролог, психолог және функционалдық диагностика мамандары. 

Денсаулық сақтау министрлігінің сөзінше, ақ халаттылар пациенттерге ЭКГ, ультрадыбыстық, флюорография, гастроскопия, зертханалық зерттеулер мен шағын хирургиялық араласулар жасай алады. Саламатты Қазақстан пойызы тек медициналық көмек көрсетумен шектелмейді. Сонымен қатар құқықтық кеңес беру жұмыстарын да жүргізеді. Қазіргі уақытта пойыз Қостанай облысына келіп тоқтады. Кейін Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарына бет алады. 

Айта кетейік, 2010 жылдан бастап медициналық пойыз жобасы екі мыңнан астам ауылда болып, 800 мыңға жуық азаматқа қолдау көрсетті, 37 ота жасалды. Қызмет көрсетілген әр бесінші пациент – бала.

Ислам Достов