Павлодарда Қаныш Сәтбаев қолданған баспа машинка көрмеге қойылды
Бұл жәдігерді музейге Баянауыл тұрғыны Михаил Баек тапсырған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің ұйымдастыруымен Қазақ КСР Ғылым академиясының негізін қалаушы және оның тұңғыш президенті, қазақтан шыққан тұңғыш академик, Кеңес Одағы мен Қазақстандағы металлогения ғылымының негізін салушы Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтан қалған жәдігерге арналған «Бір жәдігердің тарихы» атты таныстырылым өтті.
– Қыркүйек айының соңында Баянауыл тұрғыны Михаил Баек жүгінді, – дейді мұражай директоры Ербол Қайыров. – Ер адам ескі баспа машинкасын әкелді. Бұл зат оған фельдшер Леонтий Белдениновтың отбасынан қалған. Дәрігерге өткен ғасырдың 20-жылдарында Қаныш Сәтбаев жиі қонаққа келіп жүрген. Атақты академик фельдшерден ем алған және кей кезде оның баспа машинкасын қолданған. Сарапшылардың айтуынша, оны 19 ғасырда ағылшын шеберлері жасаған. Өкінішке орай, бұл машинканы енді қолдануға және қалпына келтіруге болмайды. Бүгінгі көрме үшін аздап ретке келтірдік.
Фельдшер Леонтий Бельдининов пен Глафира Бельдининованың Татьяна және Капитолина деген екі қызы болған. Үлкен қызы Татьяна чекист болып, ақтармен атыста қаза тапқан. Капитолина шамамен 1930-жылдары Александр Черкашинге күйеуге шығады, яғни Черкашин – Леонтий Бельдининовтің күйеу баласы. Кейін Леонтий Бельдининов қайтыс болған соң Черкашин отбасымен сол үйге көшіп келген және Қаныш Сәтбаевпен тығыз байланыста болған.
Александр Черкашиннің Виталина, Надежда, Василий, Сергей есімді төрт баласы болған. Ұлдарынан ер бала болмаған. Қазіргі Михаил Баектің әкесі Михаил – Надежданың ұлы. Нағашы атасы Александр Черкашин оны (үлкен Михайилді) кішкентайынан ерекше жақсы көріп, үнемі жанына алып жүрген. Михаил Михайлович Баек 1960 жылы туған.
– Бұл машинканы Сәтбаев өзі әкеліп, аталарына сыйға тартуы да мүмкін екені де айтылады. Себебі, мұндай қымбат машинкаға ол уақытта екінің бірінің қолы жете бермеген. Черкашин бұл машинкада үш бірдей кітап жазған: «Баянаул», «Дочь Баянаула», «Судьба Косума». Алғашқы және соңғы кітаптары қолжазба күйінде қалса, екінші кітабы баспа бетін көрген. Қаныш Сәтбаев Баянауылға келіп тұрғанда бұл машинкада жұмыс істеуі әбден мүмкін және Баектар біздің ойымызды толық қостап отыр, – дейді музей директоры.
Қаныш Имантайұлы 1899 жылдың 12 сәуірінде қазіргі Баянауыл ауданында Имантай бидің отбасында дүниеге келген. Нәрестеге Ғабдул-Ғани деген есім берілді. Ғалым Павлодардағы орыс-қазақ мектебінде, Семей мұғалімдер семинариясында, Томск технология институтының тау-кен факультетінде білім алған. Мұғалімдер семинариясында Ж.Аймауытов, М.Әуезов сынды көрнекті қайраткерлермен бірге оқыған. Ш.Құдайбердіұлымен тығыз байланыста болып, оның шығармашылығын жоғары бағалаған. «Алаш» қозғалысы қайраткерлерінің іс-әрекетіне қолдау білдірген.
1926 жылдары академик Баянауылға келіп, жергілікті фельдшер Леонтий Бельдининовте емделген және сол кісімен жақсы қарым-қатынаста болған. Кейін де туған еліне әр келген сайын Леонтий Бельдининовтың үйінде жиі болып тұрған.