«Өнер додасы»: Павлодар облысының өнерпаздары үздік атану үшін бақ сынайды

«Өнер додасы»: Павлодар облысының өнерпаздары үздік атану үшін бақ сынайды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жоба дәстүрлі ән, күй, би және айтысты насихаттауға бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шаңырақ орталығының мәліметінше, Ертіс-Баян өңірінің тұрғындары мен қонақтарын ерекше мәдени шара күтіп тұр. Көптен күткен «Өнер додасы» байқауы қайта жалғасын тапты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба – облыс қалалары мен аудандары арасындағы өнер сайысы. Байқау аймақтың рухани өміріне серпін беріп, қазақтың дәстүрлі өнерін дәріптеуге бағытталған. Өнер додасы барысында ән, күй, айтыс, терме, ұлттық би және көне аспаптар сияқты ұлттық құндылықтар кеңінен насихатталады. 

Байқаудың бірінші кезеңі 5 қараша күні басталады. Сағат 11:00-де Ақтоғай және Баянауыл аудандары, сағат 15:00-де Аққулы және Шарбақты аудандары өнер көрсетеді. 6 қараша күні сағат 11:00-де Ертіс және Успен аудандары, сағат 15:00-де Ақсу қаласы мен Май ауданы сынға түседі. 7 қарашада сағат 11:00-де Екібастұз қаласы мен Павлодар ауданы, сағат 15:00-де Железин және Тереңкөл аудандары бақ сынайды, – делінген хабарламада.

Байқау Павлодар облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының концерт залында өтеді. Мекенжайы: Павлодар қаласы, Торайғыров көшесі, 48.