Май ауданының оқушылары көпір кранын басқаратын көлік цехын аралады

Оларға электр жүйелерінің негізгі элементтерінің қалай жұмыс істейтіні түсіндірілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Руслан Еңсебаев «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай ауданның негізгі мектеп бітіруші түлектері Ақсу ферроқорытпа зауытына барып, өндірістің тынысымен танысқаны туралы мәлім етті.
Ақсу қара металлургия колледжімен бірлесе ұйымдастырылған «Профи FEST» атты ауқымды кәсіптік бағдар беру фестивалі аясында ауданның 40-тан астам оқушысы өндірістік әлемнің қызықты әрі мазмұнды атмосферасына енді.
– Оқушылар дәнекерлеуші, токарь, сандық бағдарламамен басқарылатын станок операторы (ЧПУ), химиялық талдау зертханашысы, кран машинисі, электромонтажшы секілді 13 өзекті жұмыс мамандығымен танысты, – деді Руслан Еңсебаев.
Іс-шара бағдарламасы үш кезеңнен тұрды. Теориялық бөлімде оқушылар колледждің мамандықтарымен және білім беру мүмкіндіктерімен танысты. Ал, практикалық бөлімде тәжірибелі нұсқаушылардың жетекшілігімен балалар металлмен жұмыс істеудің негізгі әдістерін игере отырып, станоктарда қарапайым бөлшектер жасады. Олар дәнекерлеу цехында тәжірибелі шеберлердің басшылығымен жартылай автоматты дәнекерлеуді қолданып көрді.
– VR технологияларының көмегімен қатысушылар нағыз балқыту цехтарының атмосферасына еніп, құю және қауіпсіздік процестерін зерттеді, – деді ол.
Сонымен қатар, автоматика зертханасында қарапайым электр тізбегін жинап, сигнал беру құрылғысын қосты, электр жүйелерінің негізгі элементтерінің қалай жұмыс істейтінін түсінді.
Экскурсиялық бөлімде оқушылар Ақсу ферроқорытпа зауытына барып, өндірістік цехтармен танысты, өнім шығару технологиясын көрді.