Павлодарлық 13 жастағы программист республикалық олимпиаданың ең жас жеңімпазы атанды
7-сынып оқушысы Имран Кұсановтың бастауыш сыныптан-ақ компьютерлік бағдарламалауға, математикалық есептерге қызығушылығы жоғары, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарлық оқушы, әсіресе, информатика пәнінен ерекше алғырлық көрсетіп, алгоритмдік есептерді оңай шешеді. Биыл ол республикалық Ауыл олимпиадасында жасының кішілігіне қарамастан 9-сынып оқушыларымен бірге сынға түсіп, нәтижесінде информатикадан бірінші орын иеленген. Оның зеректігі мен есептерді шешудегі алғырлығы, ойлау қабілетінің жүйріктігі қазылар алқасын да таң қалдырып, ол олимпиаданың ең жас қатысушысы атанды.
– Мен ұстазыммен күнделікті дайындаламын. Олимпиадада алгоритмдік есептер, деректермен жұмыс және бағдарламалық шешімдер әзірлеу сынды күрделі тапсырмалар беріледі. Әр кезең мен үшін қызықты болды, тапсырмалар күрделенген сайын өзімді дамытуға ұмтылдым, – дейді жас дарын Имран Кұсанов.
Имранның жетекшісі, информатика пәнінің мұғалімі Соян Ертайдың 18 жылдық тәжірибесі бар.
Айта кетерлігі, Имран осы олимпиадаға 5 сыныптан бері үзбей қатысып, жоғары сыныптардың есептерін шешіп келеді. Бұған дейін де ол жеңіс тұғырынан көрініп түрлі орындарды иеленген.