Павлодар облысындағы барлық мектептерде терроризмге қарсы жаттығулар өтті
Жүз мыңнан астам оқушы мен педагогтар оқу жаттығуға қатысты, деп хабарлайды @Pаvlodarnews.kz тілшісі.
18 мамыр күні Павлодар облысы білім басқармасы полиция департаментімен және төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп терроризмге қарсы қорғауға бағытталған оқу-жаттығулар ұйымдастырды. Оған облыстың барлық мемлекеттік және жекеменшік мектептердің оқушылары, педагогтар мен білім беру ұйымдарының қызметкерлері қатысты.
Оқу-жаттығу аясында бекітілген алгоритмдерге (іс-қимылдар мен міндеттер) сәйкес мектеп персоналына, оның ішінде күзет ұйымдарының қызметкерлеріне нұсқама беру, алгоритмдерге сәйкес мектеп оқушыларына нұсқау беру, қызметкерлер мен оқушыларды эвакуациялау бойынша оқу-жаттығу сабақтарын ұйымдастыру, техникалық құралдардың (дабыл түймесі, турникеттер және бейнекамералар) жұмыс істеуін, сондай-ақ жеке күзет ұйымдары дабыл түймелері арқылы шақырылған жағдайда олардың жедел әрекет етуін тексеру шаралары пысықталды.
Мысалы, Павлодардағы №26 мектепте оқу-жаттығу барысында білім беру объектісін қарулылар басып алу кезіндегі іс-қимыл алгоритмі пысықталды. Сценарийі бойынша қарулы 10.03-те террористер мектепті иемденіп алады.
- Қауіпсіздік агенттігі LFS" ЖШС күзетшісі дабыл түймесі мен ескерту сигналын бірден басқан. Мектеп директоры күдікті адам туралы полицияға хабарлады. Шабуыл туралы шартты сигналды естігеннен кейін мұғалімдер, қызметкерлер, мектеп оқушылары сыныптарды паналап, құқық қорғау органдары мен арнайы құрылымдар келгенге дейін қолға түспеу үшін есіктерді жауып алды, – делінген хабарламада.
"Сократ-Павлодар" дабыл түймесінің қызметкерлері 10.17-де мектепке келсе, бір минуттан кейін полиция қызметкерлері оқиға орнына жетті. Ал 25 минуттан кейін арнайы күштер жетті.
Айта кетелік, 15 мамырда полиция және ТЖ органдары қызметкерлерінің қатысуымен облыс мектептерінің барлық директорларына орнату нұсқамасы өткізілді.
Оқу-жаттығу қорытындылары туралы ақпарат жергілікті атқарушы органдардың интернет-ресурстарында орналастырылатын болады.