Майқайың кентінде құбырдағы ақауды жөндеу жұмыстары аяқталды
Жөндеу жұмыстарына 240-тан астам адам және 70 бірлік мамандандырылған техника жұмылдырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, мамандар су құбырының әрбір учаскесінде кезең-кезеңімен құбырдың қатып қалуы мен ауаның болуын тексерді.
– Мұндай учаскелер анықталған кезде құбырды бу генераторларымен жылыту жүргізілді. Жекелеген учаскелерде құбырдың айналасындағы топырақ көмір және ағаш шпалдарды жағу арқылы жылытылған, – делінген хабарламада.
Атқарылған жұмыстар нәтижесінде 13,4 шақырым құбыр (жер асты және жер үсті құбырлары) жылытылды.
– Барлық анықталған ақаулар жойылды, желіні толтыру жұмыстары жүргізілді. Мамандар гидравликалық режимді реттеген соң, Майқайың кентіне сумен жабдықтаудың жұмыс қысымы артады және штаттық режимде қамтамасыз етіледі, – деп мәлімдеді облыс әкімі.
Естеріңізге сала кетейік, 29 ақпан күні қатып қалған құбырлар толығымен жылытылған болатын.