Павлодар қаласының білім беру ұйымдары Тәуелсіздік күніне орай қандай шаралар өткізуде?
Оған 15 мыңнан астам оқушы, ата-аналар мен ұстаздар қауымы қатысады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Тәуелсіздік күніне орай Павлодар қаласының білім беру бөлімі бірқатар іс-шаралар ұйымдастырды. Білім беру ұйымдарында танымдық-ағартушылық, тақырыптық көрмелер, Тәуелсіздік құндылықтарын, елдегі бірлік пен бейбітшілікті нығайтудағы мемлекеттің азаматтық ынтымақтастықты қалыптастырудағы рөлін талқылау, «Адал азамат», «Заң және тәртіп» идеологиялық месседждерін белсенді тарату бойынша пікірталастар өткізіліп жатыр.
Мысалы, «Желтоқсан шежіресі-елімнің мәртебесі» атты конференция № 31, 32, 33 мектептердің 10-11-сынып оқушылары арасында Ленин кентінің ардагерлер кеңесі, жұртшылық, әкімдік өкілдерінің қатысуымен өтеді. Ал № 41 ЖОМ «Qazaqstanmen alga» II шағын патриоттық форум ұйымдастырылады. Сондай-ақ, № 43 ЖОМ оқушылардың сәндік-қолданбалы шығармашылығының қолөнер көрмесі қойылады.