Павлодарлық оқушы ыммен ән айту арқылы қырғыз көрермендерін тамсандырды

Павлодарлық оқушы ыммен ән айту арқылы қырғыз көрермендерін тамсандырды

Ламина Шегебаева Бішкекте өткен байқауға қатысып, жүлделі орынға ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстық білім беру басқарамасының мәліметінше, «Дельфий ойындары Ұлы Жібек жолында!» мәдени-білім беру жобасы аясында Қырғыстан Республикасының Бішкек қаласында өткен «Дельфийлік Бішкек! Қатыс! Байқап көр! Жеңіске жет!» балалар ойындары өтті. Облыс атынан № 1 арнайы кешен балабақша-мектеп-интернатының жетінші сынып оқушысы Ламина Шегебаева қатысып, өз өнерін көрсетті.

Іс-шараға Қырғызстан, Қазақстан, Ресей елдерінің ондаған ұлдар мен қыздары қатысты.

–  Ламина мектептің ғана емес, бүкіл Қазақстанның намысын «Ым-ишара әні» бағыты бойынша қорғады. Қазылар алқасы жас әншінің шеберлігі мен талантын атап өтті. Көрермендер байсалды қимылдарды, ырғақты сезінуді, көп қырлы шығармашылық орындауды зор қошеметпен бағалады,– деді облыстық білім беру басқармасында.

Байқау қорытындысы бойынша Ламина Шегебаева өз орындауында үздік деп танылып, бірінші орынға ие болды. Барлық қатысушылар дипломдармен, медальдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.