Екібастұзда депутаттар ораза тұтушыларға арнап ауызашар берді

Ауызашарға шамамен 200-ге жуық ауыз бекіткен екібастұздықтар қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қасиетті Рамазан айында депутаттар корпусы мұқтаж жандарға көмек көрсету мақсатында дәстүрлі ауызашар ұйымдастырды. Оған Қазақ зағиптар қоғамының өкілдері, «Жеңімпаздар» қорының мүшелері, Ауған соғысының ардагерлері, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналар мен басқа да жандар шақырылды. Мұндай бастама әлеуметтік бірлікті нығайту мен осы кезеңде көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге бағытталған.
— Рамазан айы – мұсылмандар үшін рухани тазалық пен жақсылық жасау кезеңі. Рамазан айында жомарт болу – тек материалдық көмектің көрінісі ғана емес, рухани байлықтың да белгісі. Сол себепті біз әріптестерімізбен ауызашар беріп, қолдауға мұқтаж жандарға дастарқан жаюды ұйғардық, — деп атап өтті депутаттардың бірі.
Ауызашарға шамамен 200-ге жуық ауыз бекіткен екібастұздықтар қатысты. Бұл іс-шара Қасиетті айда бірлік пен жанашырлықтың маңызды белгісіне айналды.