Павлодар жастары еңбек нарығына белсенді шыға бастады
Биыл алты мыңға жуық жас тұрғын жұмысқа орналасты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде жастарды жұмыспен қамту бойынша айтарлықтай қозғалыс байқалуда. Жыл басынан бері мансап орталықтарына он мыңнан астам жас жүгінген. Соның шамамен жартысы – нақтырақ айтқанда, алты мыңға жуық адам жұмысқа орналаса алды.
Жастардың басым бөлігі тұрақты жұмыс тапса, бір бөлігі еңбек нарығына алғаш қадамдарын жастар практикасы арқылы бастады. Мыңнан астам адам дәл осы бағдарлама арқылы тәжірибе жинап жүр. Сонымен қатар, 300-ден аса жас «Бірінші жұмыс орны» жобасымен алғашқы кәсіби жолын бастады.
Оқыту бағыты да назардан тыс қалған жоқ. Биыл 600-ден астам жас кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, оның ішінде жүзден астамы өз бизнес-идеясын жүзеге асыруға грант алды. Ал жазғы маусымда «Жасыл ел» жобасына екі мыңнан астам жас қатысып, маусымдық табыс пен тәжірибе жинады.
Жастар бастамаларын дамыту орталығы өткізген жәрмеңкелер де нәтижелі болды. Тек бірінші жартыжылдықтың өзінде төрт үлкен жәрмеңкеге жеті жүзден астам адам қатысып, жүзден аса жас бірден жұмысқа қабылданды. Аудандарда өткен жәрмеңкелерде де жақсы нәтиже байқалды: екі жүзден астам қатысушының жартысынан көбі жұмысқа орналасты.
– Жастардың жұмыс табуы – тек бір адамның мәселесі емес. Бұл – өңірдің дамуына тікелей әсер ететін фактор. Сондықтан әр жасқа мүмкіндік беру – біздің басты міндетіміз, – деді облыстық Жастар бастамаларын дамыту орталығы басшысының орынбасары Нариман Өскенбаев.
Айта кетейік, NEET санатындағы жастар да ерекше бақылауда. Оларға бағытталған кәсіби бағдарлау іс-шаралары биыл мыңнан аса жасты қамтыды.