Павлодар ауданында алты ауылдың кірме жолдары қалпына келтіріледі
Ауылішілік жолдарды жөндеуге бонустық трансферттер арқылы 320 миллион теңге бөлінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Аймақ басшысы Асайын Байханов Павлодар ауданына көктемгі дала жұмыстары және егіс науқынымен танысу үшін жұмыс сапарымен келді. Аудан әкімі Николай Дычко облыс әкіміне «Ауыл – ел бесігі» бағдарламаы бойынша жүзеге асырылатын жобаларды таныстырды. Биыл бағдарламаға екі ауыл енді – Розовка мен Госплемстанция. Аталмыш ауылдардағы жобаларды қолға алу үшін 375 миллион теңге бөлінді.
– «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша барлық жұмыстар толықтай атқарылып жатыр. Мысалы, Розовка ауылында мәдениет үйінің күрделі және ауылішілік жолдардың орта жөнделуі жоспарланған. Сондай-ақ, воркаут алаңы жабдықталмақ, – деді Николай Дычко.
Оның сөзінше, Госплемстанция ауылының көшелеріне де асфальт төселіп, балалар алаңы орнатылады. Барлық жобалар бойынша мердігерлер анықталып, келісімшарттарға қол қойылған.
– Бонустық трансферттерден жеті жоба іске асырылады. Сіздің тапсырмаңызға сәйкес Кемеңгер ауылында жарықтандыру бойынша мәселе шешіледі. Қазір бағандар орнатылуда, – деді аудан әкімі.
Асайын Байханов аудандағы жолдардың жөнделуі мердігерлердің міндеттерді орындалуына тікелей байланысты екенін атап өтті.
Николай Дычконың сөзінше, аудандық маңызы бар жолдарды басқа қалалардың компаниялары жөндеуге ниет білдірді. Атап айтқанда, Бірлік, Жертұмсық, Достық, Қаракөл, Богдановка, Аққұдық ауылдарына кірме жолдар жөнделеді. Алайда, бүгінде жұмыстар басталмаған, сондықтан жергілікті әкімдік маусымда мердігерлерге қатысты нақты шешімді қабылдайтын болады. Ал, Ефремовка, Сычевка, Мичурин, Подстепное, Толыбай ауылдарында ішкі жолдар қалпына келтіріледі. Оның ішінде Сычевка мен Мичурин ауылдарында жұмыстар аяқталды.
– Сапасыз жолдарды жасағаннан гөрі, оларды мүлдем жасамаған дұрыс. Оған ақша да босқа кетеді, кейіннен халықтың арасында өкпе-реніш болады. Кешіктірумен болса да сапалы жолдарды салу – маңызды міндет, – деді облыс әкімі.
Жалпы Павлодар ауданының кентішілік жолдарының ұзындығы 287 шақырымды құрайды.