Павлодар облысында жаңа өрт сөндіру бекеттері ашылды

Павлодар облысында жаңа өрт сөндіру бекеттері ашылды
Фото: Амира Сабырханова

18 сәуір күні Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арынов Павлодар облысына жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде азаматтық қорғаныс жүйесін күшейтуге бағытталған бірқатар іс-шаралар жоспарланған.

Сол күні Екібастұз қаласына қарасты Солнечный кентінде №22 жаңа өрт сөндіру бекеті, Қарасор ауылында «Ауыл құтқарушылары» бекеті, сондай-ақ Павлодар қаласына қарасты Атамекен кентіндегі №5 өрт сөндіру бөлімі күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды.

№22 өрт сөндіру бекетінің бастығы Асхат Амангелдиевтің айтуынша, Солнечный кентіндегі бөлімше алғаш рет ашылып отыр және толықтай заманауи талаптарға сай.

– Ғимаратта демалыс және психологиялық жеңілдеу бөлмелері, диспетчерлік бөлім, жатын және жуынатын бөлмелер қарастырылған. Бөлімше жаңа техникамен, соның ішінде автоцистерналармен және қосымша құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді, – деді ол.

Бекет жалпы саны тоғыз мыңнан астам тұрғыны бар тоғыз елді мекенге қызмет көрсетеді. Штатта 18 қызметкер бар, кезекшілік ауысыммен ұйымдастырылған.

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Арынов бұл оқиғаның өңір үшін маңыздылығын атап өтті.

– Бөлімшенің ашылуымен құттықтаймын. Мұндай модульдік нысан облыста алғаш рет іске қосылып отыр. Стратегиялық маңызды энергетикалық нысандар орналасқан өңірдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Солнечный кентінде өрт сөндіру бекетінің ашылуы – бүкіл Павлодар облысы үшін тарихи оқиға. 20 жылдан астам уақыт бойы мұнда өз бөлімшесі болмағандықтан, жедел көмек көрсету мәселесі өзекті еді. Бүгіннен бастап жағдай түбегейлі өзгереді, қауіпсіздік деңгейі жаңа сатыға көтеріледі, – деді министр.

Оның айтуынша, азаматтық қорғаныс жүйесін дамыту жұмыстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен жалғасады.

– Жаңа бөлімше Солнечный және оған жақын елді мекен тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Заманауи техника – бұл ең алдымен жеделдік және адам өмірін сақтап қалудың нақты мүмкіндігі. Біз әрбір бөлімшені ашқанда, оның қалада немесе ауылда орналасқанына қарамастан, қызметкерлер үшін қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлеміз. Барлығы тең мүмкіндіктерге ие болуы тиіс, – деп қосты Шыңғыс Арынов.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов та жобаның маңыздылығын атап өтті.

– Солнечный кенті – өңірдің орталығы ғана емес, елдің энергетикалық жүрегі. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғауды мемлекеттің басты басымдығы ретінде айқындаған. Жаңа өрт сөндіру бекетінің ашылуы – тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосылған маңызды үлес. Бұл шамамен сегіз мың адамның өмірі мен әл-ауқатын қорғаудағы маңызды қадам, – деді өңір басшысы.

Ол сондай-ақ биыл Солнечный кенті 40 жылдығын атап өтетінін, осыған байланысты елді мекенде ауқымды абаттандыру жұмыстары мен ірі жобалар жүзеге асырылатынын жеткізді.

– Өрт сөндірушілердің еңбегі – ерлік пен жанқиярлықтың үлгісі. Адам өмірін қорғау жолында күн сайын қызмет етіп жүрген барлық мамандарға шынайы алғысымды білдіремін. Жаңа нысан халық игілігіне қызмет етсін, – деп атап өтті Асайын Байханов.

Жаңа нысандардың ашылуы төтенше жағдайларға әрекет ету уақытын едәуір қысқартып, өңірдегі қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.