Павлодар ауданында эпизоотиялық қауіпсіздікті күшейтетін нысандар салынып жатыр
Бірнеше ветеринарлық пункт пен мал қорымын салу жұмыстарын «Kaznet Solution» ЖШС жүргізіп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аудан әкімдігінде бұл нысандардың ауданның эпизоотиялық ахуалын тұрақты сақтау үшін қажет екенін атап өтті.
– Биыл Кеңес, Заря, Рождественка, Чернорецк және Шақат ауылдық округтерінде бес ветеринарлық пункт салынып жатыр, – деп түсіндірді аудан әкімдігінде. – Бір нысанның құны – 30 миллион теңге. Бүгінде құрылыс жұмыстары 90-95 пайызға орындалды.
Ветеринариялық пункттерді 15 қыркүйекте пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Сондай-ақ осы уақытта Кеңес, Ефремовка және Шақат ауылдық округтеріндегі мал қорымдарын пайдалануға беру көзделген. Ондағы құрылыс жұмыстары 80 пайыздан аса орындалған. Ал Заңғар, Луган және Рождественка ауылдық округтеріндегі тағы үш мал қорымының құрылысы қазан айының ортасында аяқталады.

Әрбір нысанның құны – 24,5 миллион теңге.
– Жаңа ветеринарлық пункттер мен мал қорымдары ветеринариялық қызметтің жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, – деп хабарлады аудан әкімдігінде.
Сонымен қатар, олар мамандардың еңбек жағдайын жақсартып, эпизоотияға қарсы іс-шараларды уақтылы жүргізуге қосымша мүмкіндік береді.