Павлодар облыстарында жылу желілерін жаңартуға қаражат бөлу мәселесі пысықталуда
Бұл туралы Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазіргі уақытта Үкімет резервінен екі өңірде – Ақмола және Павлодар облыстарында жылу желілерін реконструкциялауға және жаңартуға қаражат бөлу мәселесі пысықталып жатыр. Осы жылдың 15 наурызында Екібастұз қаласында жалпы сомасы шамамен 9,6 млрд теңгеге 4 жылу магистралін реконструкциялауға және Павлодар қаласында жылу желілерінің жаңа 5 құрылысына 4,4 млрд теңгеге мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды», - деді министр.
Оның айтуынша, Үкімет резервінен тиісті қаражатты бөлу туралы қаулының жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен келісу кезеңінде.
«Сондай-ақ, Степногорск және Көкшетау қалалары бойынша жылу желілерін жөндеуге Ақмола облысы әкімінің өтінішхаты жолданды. Бүгінгі таңда сметалық құжаттамалары пысықталып жатыр. Жақын арада Қаржы министрлігіне қолдаухат жіберіледі», - деді Марат Қарабаев.
Министр бұған дейін атап өткендей, Павлодар, Абай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында жылу желілері көп тозған.
Айта кетерлігі, 2029 жылға қарай жылумен жабдықтау желілерінің тозуын 43 пайызға дейін төмендету міндеті тұр.