Павлодар облысы кәсіпорындарында еңбекақы өседі
Облыс әкімдігінде әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің көшпелі отырысы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, жиын «Еңбек адамы - ұлттық экономиканың өсуі мен ұлттың өркендеуінің негізі» тақырыбында өтетін парламенттік тыңдауларға дайындық және Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыруға арналды.
Елімізде өткізіліп жатқан Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыруға қатысты мәселелерді талқылауға комитет мүшелері Айнұр Арғынбекова, Талғат Жүнісов, Алтынбек Нұхұлы, Әсем Рахметова, Руслан Рүстемов, Амангелді Толамисов, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың басшылары мен кәсіподақтар қатысты.
Іс-шара ҚР Парламенті Сенаты комитетінің басшысы Нұртөре Жүсіптің төрағалығымен өтіп, ол негізгі мақсат – жұмысшылардың еңбек жағдайларын зерделеу, Павлодар облысында техникалық, орта кәсіптік білім беру жүйесінде мамандар даярлау екенін атап өтті.
Кездесу барысында облыс әкімі Асайын Байханов жұмысшы мамандығының мәртебесін арттыру жөніндегі өңірлік кешенді іс-шаралар жоспарын іске асыру туралы баяндады.
Жалпы үш бағытқа ерекше назар аударылды. Бірінші: колледждерді кезең-кезеңімен жаңғырту. Бұған облыстық бюджеттен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын жарақтандыруға және жаңғыртуға шамамен 500 млн теңге бағытталады. Әлеуметтік әріптестік аясында ERG және Kazminerals кәсіпорындары алты колледжге заманауи жабдықтар сатып алуға 500 млн теңге қаражат бөлді. Екінші: жұмыс істейтін жастар қатарындағы студенттер үшін 100 млн теңгеге жаңа ынталандырушы сыйақылар мен гранттар тағайындау. Үшіншісі: жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және кәсіпорын қызметкерлерін ынталандыру.
Аймақ басшысы өңірдің 405 мың экономикалық белсенді халқының 60%-дан астамын жұмысшы мамандықтардың өкілдері иеленетінін атап өтті. Талдау алдағы жылдары жұмыс күшіне деген қажеттілік тек арта түсетінін көрсетті.
Алдағы бес жылда облыста 140-тан астам инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде үш ферроқорытпа зауытын ашу, ұсталық-бандаж кешенін іске қосу, ірі электрометаллургиялық зауыттың құрылысы, құрамында алтыны бар концентраттарды қайта өңдеу кәсіпорнын іске қосу. Нәтижесінде 11 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылады.
– Слесарьлар мен монтаждаушылар, электриктер мен құрылысшылар, жүргізушілер мен механиктер сияқты жұмысшы мамандықтар құрылыстан бастап өндіріске дейінгі экономиканың көптеген салалары үшін негіз болып табылады. Олардың жұмыстары маңызды болғанына қарамастан, жиі назарға ілінбей қалады. Мансаптық өсу перспективалары мен лайықты жалақы туралы ақпараттарды жеткізу арқылы жұмысшы мамандықтардың мәртебесін арттыруға қол жеткізіледі, – деді Асайын Байханов.
Осы мақсатта облыс әкімі қала құраушы кәсіпорындардың басшыларымен бірқатар кездесулер өткізді және олар өз кезегінде қызметкерлерді материалдық және әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша бастамаларға қолдау білдірді. Бұл тұрғын үймен қамтамасыз ету, автокөлік сатып әперу, жалақыны өсіру және басқа да көптеген әлеуметтік ынталандырулар. Мәселен, ERG тобы осы мақсаттарға 1,5 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр. Бұдан басқа, биылғы жылы өңір кәсіпорындарында жалақыны орта есеппен 8%-ға дейін арттыру болжамы бар.
ҚР Парламенті Сенаты комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп кездесу барысында айтылған барлық ұсыныстар алдағы жұмыста ескерілетінін атап өтті.
Еске сала кетейік, Сенаторлар өңірдің индустриалды нысандарын аралап, «Қазақстан алюминийі» АҚ глинозем алу цехының жұмыс үрдісімен танысты, «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС басқару орталығына барды. Сондай-ақ, депутаттар Павлодар химия-механикалық колледжінде және жоғары түсті металлургия колледжінде болды.