Павлодар ауданында жүргізуші жолдағы жылқыларды қағып кетті
Салдарынан автокөлікке зақым келтірілді, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 10 наурызда сағат 23.00 шамасында Павлодар ауданы Черноярка ауылының маңындағы Омбы - Майқапшағай автожолында KIA маркалы автокөліктің 53 жастағы жүргізушісі тас жолға шыққан жылқыларды қағып кеткен.
– Учаскелік полиция инспекторы жылқылардың қараусыз жайылып, жолға шығып кеткенін анықтады. Иесі анықталды, ол Ново-Черноярка ауылының тұрғыны болып шықты. 42 жастағы ауыл тұрғынына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы 2-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, – деді Павлодар аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің бастығы Қайрат Сатыбаев.
Жүргізушіге автокөліктің зақымдануы бойынша материалдық шығын келтірілді. Осыған байланысты жүргізуші материалдық залалды өтеу үшін азаматтық тәртіпте сотқа жүгінуі қажет.
Айта кетейік, биыл Павлодар облысының полициясы ауыл шаруашылығы жануарлары иелерінің қараусыз жайылып жүрген 164 фактінің жолын кесті. Барлық құқық бұзушылар жауапқа тартылды.