Бүгін Павлодар облысында бірнеше өрт шықты
Павлодар қаласында солтүстік индустриялық аймақтағы өртті әлі сөндіріп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәлімдеуінше, солтүстік индустриялық аймақта қамыс пен құрғақ шөп өртеніп жатыр. Өртті сөндіру үш сағаттан бері жалғасуда.
- Авто ХҚКО маңында қамыс пен құрғақ шөп өртеніп жатқаны туралы хабарлама сағат 18:26-да түсті. Жер бедері батпақты болғандықтан сөндіру қиын. Оқиға орнында 22 адам жұмыс істеп жатыр, жеті техника жұмылдырылды: департаментіміздің, Жаңаауыл орман шаруашылығының және нысандық өрт сөндіру қызметінің күштері, - деді ТЖД баспасөз қызметінде.
Сондай-ақ облыс орталығында Толстой көшесі, 97 мекенжайында сағат 20:30-да өрт шыққан. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті ашық алаңда қоқыс өртенгенін хабарлады. Оқиға орнына алты өрт сөндіруші жіберілді. Өрт қоңыраудан кейін 12 минуттан соң сөндірілді.
Ал, Усолка шағын ауданындағы жаңа көпірдің артында құрғақ шөп өртенді. Өрттің жалпы аумағы төрт гектарды құрады. Ол төрт сағатқа жуық уақыттан кейін толығымен сөндірілді.
Сонымен қатар, Павлодар ауданында тағы бір өрт тіркелді. Набережное ауылынан бес шақырым жердегі орманда құрғақ шөп пен қарағаш өртенді. Аумағы Павлодар орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесіне қарайды. Жалын 8,5 гектар аумақты шарпыған. Оны сөндіруге бір сағаттан аз уақыт кетті.
Фото: ашық дереккөздерден