Тақылдаған телефон, тағылмаған белбеу: Павлодарда заң бұзушылар ұсталды

Тәртіп сақшылары тұрғындарды қоғамдық тәртіпті сақтап, тазалыққа мұқият болуға шақырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарда Жедел басқару орталығының камералары бір тәулік ішінде жол жүру ережесі мен қоғамдық тәртіпті бұзудың 50-ден астам фактісін анықтады.
– Ең жиі тіркелген құқық бұзушылықтардың бірі – қауіпсіздік белдігін тақпау. Мәселен, Назарбаев пен Амангелді көшелерінің қиылысында BMW жүргізушісі белбеу тақпай жүргені үшін айыппұл алып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деді облыстық полиция департаментінде.
Тағы бір жағдай қоғамдық орындарда тазалық сақтамауға қатысты болды: облыс орталығында ер адам темекі тұқылын жерге лақтырып жіберген. Қоқыс жәшігі жақын жерде тұрса да, ол тәртіпті елемеді. Бұзушыға да әкімшілік шара қолданылды.
Полиция қызметкерлері азаматтарды қоғамдық пайдалану орындарын ластамауға және қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырады.