Павлодар аулаларындағы көлік кептелісі өрт сөндірушілерге қалай кедергі келтіруде?
Өңірде «Жол бер» республикалық алдын алу акциясы мен «Заң және тәртіп» қағидаты аясында «Аула өрт сөндірушінің көзімен» атты іс-шара өткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әлеуметтік эксперимент барысында құтқарушылар мен блогер Андрей Сарапинас көпқабатты үйлердің ауласына кірген кезде өрт сөндіру бөлімшелері тап болатын қиындықтарды іс жүзінде көрсетті.
Олар проблемалық учаскелерді нақты айқындап, тұрғындарды автотұрақ ережелерін сақтаудың маңыздылығына назар аударуға шақырды.
– Ауладағы өтпе жолдардың түрлі заттарға толы болуы және ереже сақтамай қойылған көліктер арнайы техниканың шақырту орнына уақытында жетуін едәуір баяулатуы мүмкін. Эксперимент жүргізушілердің барлығы бірдей қауіпсіздік талаптарына жауапкершілікпен қарамайтынын көрсетті. Кіреберістер мен тар аула учаскелерінде тұрған автокөліктер өрт сөндіру техникасының қозғалысына кедергі жасап, гидранттардың жұмысын қиындатады. Ал кең автотұрақтар мен өтпе жолдары бос аулалар арнайы техниканың жылдам әрі қауіпсіз өтуіне мүмкіндік береді, – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз орталығы.
Құтқарушылардың айтуынша, өрт сөндірушілердің мекенжайға дер кезінде жетуі көбінесе тұрғындардың өздерінің жауапкершілігіне тікелей байланысты. Автотұрақ ережелерін сақтау және өтпелі жолдарды бос ұстау – бұл әр тұрғынның өз үйі мен көршілерінің қауіпсіздігіне қосқан жеке үлесі. Мұндай алдын алу рейдтері мен акциялары азаматтарға шұғыл қызметтердің кедергісіз жетуі қаншалықты маңызды екенін ескерту мақсатында тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады.