Қазақстанның басты футбол бапкері Ақсуда шеберлік сағатын өткізеді
Ашылу салтанатына БАҚ өкілдерін шақыруда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
28 қыркүйек күні сағат 12:00-де «ALAÑ» жобасы аясында «Достық» стадионында жаңа футбол алаңының ашылу салтанаты өтеді.
Іс-шараға Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов және футболдан ұлттық құраманың бас бапкері Станислав Черчесов қатысады. Сондай-ақ, салтанатты ашылу барысында Станислав Черчесов балаларға ашық жаттығу өткізіп, қолтаңбалар береді.
– Қазақстан футбол федерациясы «ALAŇ» жобасын жүзеге асыруды жалғастырып келеді. Аталмыш жоба 2023 жылы басталып, еліміздегі футбол алаңдарын жаңартуға және бұқаралық спортты дамытуды көздейді. Бағдарлама үш жылға жоспарланып, УЕФА-ның қолдауымен өтуде, – дейді ұйымдастырушылар.
Ресми мәліметтер бойынша, 2023-2025 жылдарға арналған жоба аясында республикада 20 футбол алаңы жөндеуден өтеді деп көзделуде. Өткен жылы Алматы, Шымкент, Ақтөбе қалалары мен Жетісу облысында жаңа алаңдар салтанатты түрде ашылған болатын. Ал 2024 жылы Петропавл, Аягөз және Өскемен қалаларында жаңа алаңдар іске қосылды.