Павлодар бүлдіршіндері Аяз атаға сиқырлы таяғын табуға көмектеседі
Желтоқсан айында театр ұжымы көрермендерге мазмұны терең, ой салатын және ұлттық құндылықтарға негізделген бірнеше қойылым ұсынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ай соңына дейін өнер ордасы сегіз қойылым ұсынады.
«Қызыл гүлдер» элегия
3 желтоқсан, 17:00
Қойылымда ата-анасы үйге қалдырып кеткен бейкүнә бес қызды аяқ асты тұтанған өрт жалмап, күлге айналдырып кете барды. Спектакль болашақтың тұтқасы бүлдіршіндерге жіті көңіл бөліп, оларға деген жауапкершіліктің аса маңыздылыққа ие екенін баса айтады. Өнер ордасы «Оттың ішіне оранған балдырғандардың тағдырына кім жауапты, кімнің кінәсі, ойланайық?» деген сұраққа жауапты бірге іздеуге шақырады.
Авторы: Жәнібек Әлікен. Режиссері: Ержан Қауланов.
«Театрдың 35 жылдық мерейтойы» мерекелік концерт
7 желтоқсан, 17:00
«Оян, Қазақ... Ойлан, Қазақ!» драма
16 желтоқсан, 17:00
Қойылым қазақтың азаттығы жолындағы арпалыстың ащы шындығын көрсетеді. Міржақып Дулатов пен Ахмет Байтұрсынов бастаған Алаш арыстарының сталиндік саясатқа қарсы күресі, ұлттық рух үшін жанын қияр ерлік әрекеттері көрініс табады. Спектакль сатқындықтың да, қайсарлықтың да бетпердесін ашады. Қазақтың болашағы үшін күрескен тұлғалардың тағдырына үңілу арқылы көрермен ел тарихының күрделі кезеңдерін қайта сезінеді.
Авторы: Ерсайын Төлеубай. Режиссері: Жанат Хаджиев.
«Алтын балапан» ертегі
Премьера
17 желтоқсан, 12:00
Авторы: В.Орлов. Режиссері: Нұркен Тұрлыбек.
«Кездесу мен қоштасу» психологиялық драма
18 желтоқсан, 18:00
Бас кейіпкерлер Катя мен Митя – бірін бірі сүйгенімен, арадағы түсініспеушіліктерден ажырасып кеткен қос тағдыр. Бірақ ажыраса тұра, бір шаңырақ астында өмір сүріп, бір-бірінің өміріне әсер етуді жалғастырады. Қойылым бүгінгі қоғамда жиі кездесетін ажырасу мәселесін терең философиялық тұрғыда ашады. «Махаббаттың сөніп қалуына не себеп?» деген сұраққа жауапты әр көрермен өз ішінде іздейді.
Авторы: Александр Володин. Аударған: Асхат Маемиров. Режиссері: Әділет Ақанов.
«Біз туралы...» лирикалық драма
Премьера
19 желтоқсан, 18:00
О.Бөкейдің «Жылымық» әңгімесінің негізінде сахналанған бұл қойылым – адамның жан дүниесіндегі сағыныш, мейірім, кешірім секілді сезімдердің нәзік күйін бейнелейтін лирикалық туынды. Адам өмірінің қытымыр сәттерінде жылулық іздеу, махаббатқа деген сенімнің қайта жаңғыруы – спектакльдің басты өзегі. Суық қоғамда адамды тірі ұстайтын –жүректегі жылылық екені әрбір көріністе сезіледі. Бұл – махаббаттың қайта оянуы туралы сыр.
Авторы: Оралхан Бөкей. Режиссері: Жангелді Садықов.
«Батыл көжектер» Жаңажылдық ертегі
Премьера
22-30 желтоқсан, 10:00, 12:00, 14:00, 16:00
Қысқы орманға қауіп төнеді: Аяз атаның сиқырлы таяғы айлакер арыстанның қолына түседі. Енді Аяз ата мен Ақшақарға көмектесетін – кішкентай, бірақ жүрегі үлкен батыл көжектер. Сиқырлы орманға саяхат барысында олар достықтың, адалдықтың, батылдықтың мәнін түсінеді. Бұл ертегі – ән мен би, қызықты оқиға мен ғажайыпқа толы жаңажылдық көрініс. Кішкентай көрермендерді ерлік пен мейірімге тәрбиелейтін әсерлі қойылым.