Павлодарлықтар құқықтарын қорғауда қырағылық танытуда

Жыл басынан бері тұтынушылардың 19 талап-арызы сот үкімімен қанағаттандырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Осы жылдың тоғыз айында шаһарда сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 1262 өтініш түсті. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,8 пайызға артық.
– Азаматтар өз құқықтарын жақсырақ біле бастады. Бұған ақпараттық шаралар оң әсерін тигізді, – деді облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Нұрсұлу Әубәкірова.
Өтініштердің 55 пайызы бөлшек саудаға қатысты болса, 20 пайыздан астамы тұрмыстық қызмет көрсету, ал 11 пайызы электронды сауда саласында түскен.
– Жыл басынан бері тұтынушыларға 71 миллион теңгеден астам қаржы қайтарылды. Өткен жылы бұл сома небары 4,8 миллион теңге болатын. Бұл – тұтынушылардың мүддесі сот пен тексеру барысында белсенді қорғалатынын дәлелдейді, – деді ол.
Жеке және заңды тұлғалардың өтініштері негізінде 200-ге жуық тексеру жүргізілді. Оның ішінде жүзден астам заңбұзушылық анықталды.
– Картоп бағасы 106 пайызға көтерілген. Сәбіз – 75, қарақұмық – 52,5, қырыққабат – 37,5, ал тауық етінде 27 пайыздан астам үстеме қосылған. Бұл заңсыз әрекет үшін кәсіпкерлерге қатысты әкімшілік шаралар қолданылды, – деді Нұрсұлу Әубәкірова.
Сонымен қатар, тұтынушылардың шағымдары негізінде 19 хаттама толтырылып, 500 мыңнан астам теңгеге айыппұл салынды.
– Көптеген жағдайда кәсіпкерлер азаматтардың шағымдарына дер кезінде жауап бермейді. Бұл заңға қайшы. Сондықтан біз оларға ескерту жасап, қажет болған жағдайда айыппұл салуға мәжбүрміз, – деп түсіндірді облыстық департамент басшысының орынбасары.
Сот істерінде де тұтынушылардың пайдасына шешімдер басым түсті. Жыл басынан бері процеске қатысқан департамент өкілдері 19 талап-арызды қанағаттандырғанын атап өтті. Нәтижесінде азаматтарға 73 миллион теңгеден астам қаражат қайтарылды.
Кәсіпкерлер тарапынан түсінбеушіліктер де кездесетіні айтылды.
– Кейбір сатушылар әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне кіретін өнімдерді дұрыс ажырата алмайды. Мысалы, күріштің белгілі бір түріне ғана шектеу қойылады деп ойлайды. Ал шын мәнінде, барлық тегістелген күрішке шекті сауда үстемесі қолданылады, – деп түсіндірді ол.
Департамент құқықтық сауаттылықты арттыру үшін тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Мамандардың сөзінше, бұзушылықтар анықталған тұста бірден E-otinish ақпараттық жүйесі арқылы немесе сенім телефондарына жүгіну керек.