Баянауылға барар жолда екі көлік соқтығысты
Салдарынан жеті адам зардап шекті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Полиция жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғады,
Алдын ала мәліметтер бойынша, 30 қараша күні «Қалқаман–Баянауыл–Керней» автожолында, Бірлік ауылынан 12 шақырым қашықтықта Lada- 21703 және Lada-21723 маркалы екі автокөлік соқтығысқан. Көліктер айып тұрағына қойылды.
– Жол-көлік оқиғасының салдарынан жеті адам зардап шекті. Полиция жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғады. Оқиғаның мән-жайы мен себептері тергеп-тексеру барысында анықталатын болады, – деді облыстық полиция департаментінде.
Жедел жәрдемге шақырту сағат 14:47-де келіп түсті. Торайғыр және Бірлік ауылдары арасындағы тас жолдағы ЖКО-ға екі жедел жәрдем бригадасы мен Баянаул аудандық ауруханасының медициналық бригадасы жіберілді. Аудандық ауруханаға 1992 және 2001 жылы туған ер адамдар, сондай-ақ 1998 және 2004 жылы туған екі қыз жеткізілді. Жол-көлік оқиғасының тағы үш қатысушысы – 1993 жылы туған ер адам, сондай-ақ 1998 және 2004 жылы туған қыздар ауруханаға жатқызудан бас тартты.
Полиция департаменті жол-көлік оқиғаларын болдырмау үшін жол қозғалысына қатысушыларға ЖҚЕ талаптарын қатаң сақтауды, жылдамдық режимін бұзбауды, әсіресе қозғалыс қарқындылығы жоғары учаскелерде барынша сақ болуды, көлік құралдарының техникалық жағдайын бақылауды және ауа райының өзгеруін ескеруді ескертеді.