Билік павлодарлық «Самалдың» сақталуына мүдделі

Ол үшін қоғамдық бірлестік лицензия алуы керек, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Заңнамадағы өзгерістерге байланысты арнайы мемлекеттік қызмет көрсететін барлық мекемелер міндетті лицензиялаудан өтуі тиіс. Процедура заңды тұлғаның ғимаратты иеленуін немесе жалға алуын, оның мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолжетімді болуын және тиісті қызметкерлердің жұмыс істеуін талап етеді. «Самалда» бұлардың ешқайсысы жоқ. Сондықтан орталықтың бұдан былай оңалту үшін мемлекеттен қаржы алуға құқығы жоқ. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі жыл соңында 2025 жылға 106 млн теңгеден астам қаржы бөлген.
Қала әкімдігі орталыққа көмектесіп, ғимаратты барлық санаттағы азаматтарға қолжетімді етіп қайта жөндеуге шешім қабылдады. Осыдан кейін департамент ғимаратты сенімгерлік басқаруға беру үшін тендер өткізеді. «Самал» бұл конкурсқа қатысады, содан кейін ғана ол арнайы мемлекеттік қызмет көрсету лицензиясын ала алады.
– Қызмет алушылардың басқа мекемелерге уақытша көшуіне орталыққа бір ай уақыт берілді, ата-аналармен және мекемелермен келісім жасалды, - дейді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлбарам Белялева. – Орталықта 78 палата бар. Біз төлемдерді нақты негізде жасаймыз, яғни бөлім орталықтың соңғы балаға дейінгі қызметін өтейді.
Барлық қызмет алушылар уақытша орталықтарға көшкенінен кейін жөндеу жұмыстарының сметасы жасалады. Ол биыл аяқталады деп жоспарлануда.
– Менің пікірім: «Самал» ескі басшымен бола ма, жоқ па, бәрібір сақталуға тиіс. Бұл 60-қа жуық адам жұмыс істейтін орталық, орынбасарлары бар. «Самал» идеясы сақталуы керек, - дейді Гүлбарам Белялева.
Бұған дейін кейбір ата-аналар орталықтың заңсыз ақша алып жатқанын айтып шағымданған. Мониторинг көрсеткендей, ата-аналармен қосымша келісімдер жасалған, бұл ата-аналардан ақша алынғанын көрсетеді. Алайда, бұл ақша мемлекет ұсынатын тегін қызметтер тізімі бойынша жиналды ма, әлде бұл шын мәнінде қосымша қызметтер болды ма – бұл сұраққа тергеу амалдары ғана жауап бере алады.