Павлодарда оннан астам мекенжайда 5G қосылды
Алайда оны телефонының техникалық мүмкіндіктері көтере алатындар ғана қолдана алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Елнұр Өтебаев мәлім етті.
– Облыс орталығының 11 мекенжайында аталмыш жүйе орнатылды. 5G Ломов көшесі, 1, Елгин көшесі, 47, Целинная көшесі, 91, Лесная көшесі, 5, Солтүстік өндірістік аймағы, 17/23, «Сарыарқа» қонақ үйі, Катаев көшесі, 97, Ломов көшесі, 135, Репин көшесі, 46, Қамзин көшесі, 57, Торайғыров көшесі, 64 мекенжайларына орнатылды, – дейді Елнұр Өтебаев.
Спикердің айтуынша, жаңа жүйені жақтыртпайтын тұрғындар да табылған. Мәселен, Химқалашық ықшам ауданының біріндегі үйдің тұрғындары 5G жүйесін қостыруға қарсы болған.
– Жүйелерді орнату барысында мұндай жағдайлар кездесіп тұрады. Бұл үйдің тұрғындары рұқсатын бермегендіктен, біз онда жүйені орналастыра алмаймыз. Олардың ойынша, бұл жүйе денсаулыққа зиян. Шын мәнінде оның айтарлықтай түк зияны жоқ, – дейді Елнұр Өтебаев.
5G қолданушыларға жоғары жылдамдықты интернетке жол ашады, алайда оның өзіндік кемшіліктері де бар.
– Мен өзім қолданып көрген едім. Мысалы, менде айына 20 гигабайт болған, ал 5G қосқан кезде ол екі минутта ұшып кеткен. Бұл дегеніміз интернет трафикке үлкен жүктеме артылады және де бір жаман жері телефонның қуаты тез тауысылып қалады, – деді басқарма басшысы.
Айта кету керек, Теле2 және Кселл операторларының мәліметінше, жыл соңына дейін тағы 12 орынды іске қосу жоспарланған.