Павлодар маңындағы лагерьден балалар шұғыл түрде үйлеріне жеткізілді

Павлодар маңындағы лагерьден балалар шұғыл түрде үйлеріне жеткізілді
Фото: pixabay.com

Желтоқсанның 7-сі күні сағат 5:30-да «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында жылу трассасында апат орын алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мектеп оқушыларының демалысын шұғыл түрде үзуге тура келді. 

– Жылу магистраліндегі апат жылу жүйесіндегі қысымның төмендеуіне әкелді. Бұл оқиға төтенше жағдайлар департаментінде тіркелді. Қазіргі уақытта лагерьде болған 86 баланың барлығы Павлодарға жеткізілді. Пайдаланылмаған демалыс күндері үшін қаражат ата-аналардың шотына қайтарылады, – деп жазды қалалық білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралин.

Оның айтуынша, мамандар аумақты тексеріп, апатты жоюда.

Желтоқсан айында лагерьде жаңа маусым басталып, ата-аналар 86 баланы қала сыртына шығарып салған.  

Еске сала кетейік, бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Шәкенева Instagram желісіндегі парақшасында «Балдәурен» орталығындағы жағдай туралы жазба жариялаған болатын. Ол мектеп оқушыларының ата-аналарының сұрауы бойынша жоспардан тыс барған. Үй-жайда шынымен салқын әрі тұрақты ұялы байланыстың болмағаны анықталды, ал ғимараттардан бояу иісі шығып тұрған.