Павлодарлық оқушылардың мектеппен қоштасуы қалай өтеді?
Соңғы қоңырауға арналған салтанатты іс-шараның ережелері айтылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында уәкілетті орган қызметкерлері мерекелеу кезінде түлектердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларымен бөлісті.
24 мамырда барлық мектептерде оқу жылының қорытындысы жасалып, жалпы республикалық бірыңғай сынып сағаты өткізілуде.
Іс-шараға ата-аналардың қатысуы қарастырылған. Бұл ретте оқудағы, спорттағы және қоғамдық жұмыстағы жетістіктері үшін әрбір оқушыны марапаттауға ерекше назар аударылатын болады.
25 мамырда мектептердің 11-сынып түлектеріне арналған «Мектебім, саған мың алғыс!» салтанатты іс-шарасы өткізіледі.
– Түлектерге арналған салтанатты іс-шара міндетті түрде мектеп қабырғасында немесе мектеп алаңында өткізілуі керек, – деді облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Роза Ақанова. – Іс-шараларды басқа жерлерде өткізуге қатаң тыйым салынады. Мерекелік үстел жаюға, жалға берілетін автокөліктерді пайдалана отырып, қала бойынша экскурсиялар жүргізуге, әкімшілікке немесе педагогикалық ұжымға сыйлық ретінде қаражат жинауға болмайды.
Облыстық полиция департаменті ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Бибегүл Қамзинаның айтуынша, салтанатты іс-шаралар барысында ішкі істер органдары қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қорғау бойынша әрбір оқу орнына полиция қызметкерлерін бекітті. Патрульдік нарядтар салтанатты іс-шараларды өткізу орындарына барынша жақын болады. Облыс полициясының 500-ден астам қызметкері және 200-ден астам қызметтік автокөлік жұмылдырылады.
– Сонымен қатар, салтанатты іс-шаралар аяқталғаннан кейін ойын-сауық мекемелері, қоғамдық орындар бойынша рейдтік іс-шаралар күшейтіледі, – деді Бибегүл Қамзина. – Білім беру органдарымен бірлесіп, облыс аумағы бойынша барлық жерде түнгі кешкі рейдтік іс-шаралар өткізілетін болады.
Құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда 102-ге, төтенше жағдайлар анықталған кезде 112 нөміріне қоңырау шалу қажет.