Павлодар облысы республикалық жолдарға қатысты ең көп өтінім жолдады
Өткен аптада 1403 байланыс орталығы 69 мыңнан астам өтінімді қабылдап, өңдеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, соның ішінде ең көп қоңырау Павлодар облысынан түскен.
– Жүргізушілер негізінен жол жағдайы, бұзылған көліктерді сүйреуге көмек көрсету, ақылы жолдардағы төлем мәселелері және өзге де маңызды сұрақтар бойынша хабарласқан. Азаматтарға жедел әрі қолайлы ақпарат беру үшін интерактивті дауыстық меню (IVR) жүйесі қолданылып келеді. Оның көмегімен 31 661 өтінім автоматты түрде өңделсе, операторлар 35 395 қоңырауға жауап берген. Сонымен қатар, мессенджерлер арқылы 2 105 өтінім қабылданды, – делінген хабарламада.
Мысалы, 1403 байланыс орталығына жүк көлігінің жүргізушісі хабарласып, Астана – Павлодар автожолы бойында көлігі бұзылып қалғанын айтып, көмек сұрады. Операторлар жедел түрде облыстық филиал мамандарына ақпарат беріп, жағдайды толық баяндады.
– Жол қызметі шұғыл шаралар қабылдап, жүк көлігін жол жиегіндегі қауіпсіз орынға сүйреп апарып, тиісті жол белгілерін орнатты. Сондай-ақ, жүргізуші көлігі жөнделгенге дейін жылыту пунктіне орналастырылып, ыстық тамақ және жылы төсек-орынмен қамтамасыз етілді. Жүргізуші үш күн бойы жылыту пунктінде болды, – делінген хабарламада.
Ведомствода атап өткендей, барлық өтінімдер белгіленген регламентке сәйкес уақытылы орындалды.