Павлодар облысы темекі шегу деңгейі ең төмен өңірлердің қатарында

Павлодар облысы темекі шегу деңгейі ең төмен өңірлердің қатарында
Фото: pixabay.com

Ертіс-Баян өңіріндегі тұрғындардың небәрі 11%-ы ғана темекіге әуес, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Energyprom сарапшылары мәлімдеді. Павлодар облысының тұрғындары темекі шегу деңгейі ең төмен өңірлердің қатарына кірді. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы (10,5%) мен Шығыс Қазақстан облысы (10,6%) ғана алда тұр. Ал ең жоғары көрсеткіш Ұлытау облысында тіркелген – онда 15 жастан асқан тұрғындардың 20,2%-ы темекі тұтынады.

Жалпы еліміз бойынша темекі шегетіндердің саны азайып келеді. Қазіргі таңда Қазақстанда 15 жастан асқан азаматтардың 15,1%-ы темекі шегеді. Салыстырмалы түрде айтсақ, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 17,5%, ал екі жыл бұрын 20,7% болған.

Сонымен қатар, Қазақстанда темекі өнімдерінің өндірісі айтарлықтай артқан. 2026 жылдың алғашқы алты айында кәсіпорындар 14,2 миллиард дана темекі мен өзге де темекі өнімдерін өндірген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,2%-ға көп.

Сарапшылар мұны экспорт көлемінің ұлғаюымен байланыстырады. Жылдың алғашқы бес айында темекі өнімдерінің шетелге экспорты 3,7 есеге өскен. Ал ішкі нарықтағы сатылым шамамен 40%-ға қысқарған. Осылайша, өндірушілер ішкі сұраныстың төмендеуін сыртқы нарыққа өнім жеткізу арқылы өтеп отыр.