Павлодар облысында қару сақтау ережелерін бұзған азаматтарға әкімшілік шара қолданылды
Нәтижесінде 69 қару иесі анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде 1 қыркүйектен бастап республика көлемінде өткізіліп жатқан «Учаске» жедел профилактикалық іс-шарасы жалғасып жатыр.
Облыстық полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының м.а. Азамат Күркебаевтың хабарлауынша, тәртіп сақшылары тұрғын үйлерді аралап, халықпен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
– Біздің басты мақсатымыз – әрбір азамат өз аумағындағы учаскелік полиция инспекторын білуі. Бұл құқық бұзушылықтардың алдын алу мен халықпен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік береді, – деді Азамат Күркебаев.
Басқарма бастығының сөзінше, іс-шара басталғаннан бері полицейлер 200 мыңнан астам тұрғын үйді және тоғыз мың қару иесін тексерген. Нәтижесінде 69 қару сақтау ережесін бұзу, сондай-ақ 44 тіркеу мерзімін өткізіп алу фактісі анықталған.
Қару сақтау және пайдалану ережелерін бұзған 69 азаматқа әкімшілік шара қолданылып, олардың қолындағы 98 қару тәркіленді.