Павлодарлықтар халықаралық фотобайқауға қатыса алады

Павлодарлықтар халықаралық фотобайқауға қатыса алады
Фото: жасанды интеллект

Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған авторлар арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстанда және шетелде тұратын кәсіби фотографтар мен әуесқойлар арасында «Заң мен тәртіп» атты ІІ халықаралық фотобайқау жарияланды. Шығармашылық додаға құқық қорғау органдарының қызметкерлері де қатыса алады.

Биылғы байқаудың ерекшелігі – жұмыстар үш негізгі бағыт бойынша қабылданады. Бірінші номинация балалар қауіпсіздігіне арналса, екіншісі цифрлық технологиялардың қоғамдық тәртіпті сақтаудағы рөлін қамтиды. Ал үшінші бағыт «Таза Қазақстан» акциясы аясында қоршаған орта тазалығы мен тәртіпті дәріптеуге негізделген.

– Үміткерлер өз жұмыстарын 10 маусымға дейін Polisia.kz@bk.ru электронды поштасына жолдауы тиіс. Ережеге сәйкес, бір қатысушыдан үш фотосуретке дейін қабылданады. Суреттер JPEG форматында, сапасы 5 Мп және 300 dpi көрсеткішінен төмен болмауы шарт. Сонымен қатар әр туындыға таңдалған номинациясы көрсетілген қысқаша сипаттама қоса берілуі керек, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ұйымдастырушылар бұл бастама құқықтық мәдениетті фотоөнер арқылы насихаттауға мүмкіндік беретінін айтады.